Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 4-11 наурыз аралығында ел бойынша сәбіздің орташа бағасы 2,3% өскен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Баға 2025 жылдың соңғы аптасынан бері қатарынан 11 апта бойы өсіп жатыр. Осы уақыт ішінде бағаның 2%-дан жоғары өсуі екінші рет тіркелді.
Сарапшылар мұндай динамика жылдың осы кезеңі үшін қалыпты емес екенін айтып отыр. Әдетте бұл айларда баға әлдеқайда баяу өседі. Биыл жыл басынан наурыздың ортасына дейінгі орташа қымбаттау қарқыны кейінгі жылдардың осы кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары болды.
ЕҢ ҚЫМБАТТАҒАН ӘЛЕУМЕТТІК ӨНІМ
Жыл басынан бері Қазақстанда сәбіз 16,4% қымбаттады. Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылы осы кезеңде баға небәрі 0,5% өскен. Кейінгі бес жылда жыл басындағы екі таңбалы өсім тек 2022 жылы байқалған, бірақ ол кезде де қазіргі көрсеткіштен төмен болған.
Қазіргі уақытта сәбіз әлеуметтік маңызы бар тауарлар арасында ең жылдам қымбаттап жатқан өнім болып отыр. Жылдық есепте көкөніс бағасы 25,8% өскен — бұл да осы тізімдегі азық-түліктер арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Ал былтыр, керісінше, сәбіз арзандаған еді.