Иран: Украинаны шабуылдауға "заңдық негіз бар"

Ulysmedia
Фото: 1tv.ge

Иран Украинаны Израильге көмектесті деп айыптап, оны атқылауға заңдық негіз бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

«Украина Израиль режиміне ұшқышсыз аппараттармен қолдау көрсету арқылы іс жүзінде соғысқа араласты. Соның салдарынан Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 51-бабына сәйкес, оның бүкіл аумағы Иран үшін заңды нысанаға айналды», – деп жазды Иран парламентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі комиссиясының төрағасы Ибрагим Азизи X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі жанындағы Дезинформацияға қарсы іс-қимыл орталығының басшысы Андрей Коваленко Иранның өзін айыптады. Ол бұл мәлімдемеге жауап ретінде Иранның Ресейге әскери көмек көрсеткенін алға тартты. Оның айтуынша, Тегеран 2022 жылы Ресейге «Shahed» дрондарын берген.

Контекст

Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-тың өтініші бойынша Иорданияға дрон-ұстағыштарын жібергенін мәлімдеген.