Шымкент қаласының Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаевқа қатысты әлеуметтік желіде тараған төбелес видеосынан кейін тәртіптік іс қозғалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Видео наурыз айының басында тараған болатын. Кадрларда футбол алаңында бір ер адамның қарсыласына жұдырық жұмсап жатқанын көруге болады. Желідегі қолданушылар видеодағы адам аудан әкімі болуы мүмкін деген болжам айтқан.
Видео тарағаннан кейін Шымкент қаласының әкімдігі қызметтік тексеру басталғанын хабарлап, оның нәтижесі шықпай тұрып қорытынды жасамауға шақырған.
«Қазақпарат» агенттігінің мәліметінше, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алмас Абаевқа қатысты тәртіптік іс қозғалғанын және қызметтік тергеу тағайындалғанын мәлімдеді. Тексеру материалдары Әдеп жөніндегі комиссияның отырысында қаралады. Комиссия шенеуніктің әрекетіне баға беріп, тәртіптік құқықбұзушылық болған-болмағанын анықтайды.
АЙТА КЕТЕЙІК
Алмас Абаев Қаратау ауданының әкімі қызметіне 2025 жылдың сәуірінде тағайындалған. Ол 35 жаста. Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында туған.
Қазақстанда және Италияда білім алған. Қаржы, құқық және мемлекеттік сатып алу салалары бойынша халықаралық магистр дәрежесіне ие.
Еңбек жолын Әділет министрлігі жүйесінде бастаған. Кейін мемлекеттік органдар мен жекеменшік секторда жұмыс істеген. Абай облысының мемлекеттік сатып алу басқармасын басқарғаннан кейін Шымкентке қызметке ауысқан.