Астанада ереуілге шыққан "Elorda Eco System" қызметкерлерін полиция ұстап әкеткен

Рая Минап
Видеодан скрин

Астанада ереуілге шыққан әкімдікке қарасты  "Elorda Eco System" қызметкерлерін полиция ұстап әкеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Редакциямызға мекеме қызметкерінің қызы хабарласып, көмек сұрады.

- Жұмысқа шығудан бас тартқан 150 жүргізушіні полицияға алып кеткен. Түскі екіде әкем хабарласып, алып бара жатқанын айтты. Содан бері хабарласа алмай отырмыз.Сол видеодан кейін бәрін Байқоңыр аудандық полиция басқармасына алып кеткен.Тазалаушыларға тиіспеген, тек жүргізушілерді алып кеткен, - дейді жүргізушілердің бірінің Айжан есімді қызы. 

Мекеме басшылығы не дейді

Елорданың коммуналдық шаруашылық басқармасы оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Кәсіпорын басшылығы ұжыммен кездесу өткізіп, сыйақы төлеу және жалақы көтеру мәселесі қарастырылатынын хабарлаған.

- 17 наурыз күні Астанадағы коммуналдық кәсіпорындардың бірінің аумағында қызметкерлер тобы жалақы деңгейіне наразылық білдіріп, жұмыс процесін бұзып, өзге қызметкерлердің жұмысына кедергі келтірді. Әкімдік пен еңбек инспекциясының өкілдері тарапынан түсіндіру жұмысы жүргізілгеніне қарамастан, кейбір қатысушылар өз талаптарын конструктивті емес түрде жеткізуді тоқтатқан жоқ. Кәсіпорын басшылығы ұжыммен кездесу өткізіп, сыйақы төлеу және жалақы көтеру мәселесін қарастыру шаралары туралы жариялады. Жекелеген жағдайларда қоғамдық тәртіп бұзылған оқиғалар тіркеліп, осыған байланысты құқық қорғау органдары қолданыстағы заңнама аясында шаралар қабылдады. Оқиға уәкілетті органдардың бақылауында, – делінген мәліметте.

БҰҒАН ДЕЙІН

Бұған дейін журналист Сәния Тойкен әлеуметтік желідегі парақшасында мекеменің 80-ге жуық қызметкері жалақы мәселесін қозғап, ереуілге шыққанын хабарлаған еді.

- Қазір тасқын жағдайында артық жұмыс сағаттарымыз төленуі үшін бұйрық шығаруын сұрағанбыз. Заң бойынша қол қойып беруін сұрадық. Бірінші талап содан басталды. Мен істегелі үш жылдай болды. 3-4 бастық ауысты. Қазіргі бастықтарға дейін жақсы болған. Қазір қысым көп. Қазірдің өзінде біздің жұмыс бригадаларымыз келе алмай отыр, – дейді қызметкер Қойшыбай Камалов. 

Оның сөзінше, қызметкерлердің қолына алатын жалақысы 348 000 теңге. Кейде 400 мыңға жуықтайды. 

- Қазір қалада қар еріп, су тасқыны болып жатады. Қазір 11 сағаттан жұмыс істеп жатырмыз. Сол сағатты заң жүзінде төлеуі керек. Төленеді деп ауызбен айтылады, бірақ қағаз жүзінде көрмейміз. Басқа ұйымдар жалақы көлемінде сыйақы алып жатады. Ал біз 50, 100 мың теңге көлемінде ғана аламыз. Еңбек шарты бар. Бірақ кейде жұмыстан себепсіз шығарып жібереді, – дейді қызметкер. 

Тағы бір қызметкер басшылықпен соттасқан. Оған басшылық 20 литр солярка ұрлады деп жала жапқан. Алайда қызметкер басшылықпен соттасып, жеңіп шығыпты. Қызметкерлердің сөзінше, мұндай мысалдар көп. 

- Бізге жұмыс істеуге мұрша бермейді, – дейді қызметкерлер.