Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің жалақысы кемінде үш жылда бір рет өсірілетін болады

Рая Минап
Фото: Depositphotos

Мәжіліс мемлекеттік қызмет туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарап, мақұлдады. Құжат мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар өзгерістерді көздейді, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мемлекеттік қызметшілердің қызметіне қатысты қандай өзгерістер енгізіледі

Жобаны Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай таныстырды. Оның айтуынша, құжаттың негізгі міндеттерінің бірі – қызмет көрсетуші және клиентке бағдарланған модельге көшу, сондай-ақ мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру және HR-процестерді цифрландыру.

Заң жобасында мемлекеттік қызметшілерге және олардың лауазымдық міндеттеріне қойылатын талаптар белгіленген. Олардың қатарында патриотизм, кәсібилік, ашықтық, әдептілік, мінсіз бедел, құқық бұзушылық пен мүдделер қақтығысына төзбеушілік бар.

Сонымен қатар, құжат мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру және білікті кадрларды тарту шараларын қамтиды.

Атап айтқанда, бір лауазым аясында көлденең мансаптық өсу тетігі енгізіледі және ол еңбекақы жүйесімен үйлестіріледі. Осы мақсатта «Б» корпусының бір әкімшілік мемлекеттік лауазымы ішінде әртүрлі жалақысы бар лауазымдық деңгейлер белгіленеді. Пилоттық жоба екі жылға есептелген және ол Мемлекеттік қызмет істері агенттігін, Әділет және Ұлттық экономика министрліктерін, сондай-ақ Астана қаласы мен Атырау облысының әкімдіктерін қамтиды.

Бұдан бөлек, мынадай шаралар қарастырылған:

мемлекеттік қызметшілердің жалақысын кемінде үш жылда бір рет индексациялау;

көшу кезінде тұрғын үй төлемдері мен өтемақылар беру;

балаларды балабақшаға кезектен тыс орналастыру;

жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларына қатысу;

кемінде 25 жыл еңбек өтілі бар және марапатталған қызметшілерге зейнетке шыққанда біржолғы сыйақы беру;

үстеме жұмыс үшін өтемақы төлеу кепілдіктері;

жыл сайынғы еңбек демалысын міндетті түрде беру және еңбек өтіліне байланысты қосымша демалыс күндерін қарастыру.

Жұмыс уақыты бойынша қандай өзгерістер енгізіледі

Жұмыс уақыты аптасына 40 сағаттан аспауы тиіс, ал бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін – 36 сағат. Кейбір санаттағы қызметшілердің өтініші бойынша толық емес жұмыс уақытына рұқсат етіледі.

Заң жобасы мемлекеттік қызметшілердің құқықтық кепілдіктерін күшейтіп, тәртіптік жауапкершілікке икемді тәсілдер енгізеді. Оның ішінде жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар, сондай-ақ жауапкершілікті жоққа шығаратын жағдайлар қарастырылған. Тәртіптік жазалардың қолданылу мерзімі екі айдан алты айға дейін белгіленеді әрі оны мерзімінен бұрын алып тастау мүмкіндігі бар.

Құжатта қосымша шаралар да енгізілген: есірткі қолдануды анықтау үшін медициналық тексеру, құмар ойындарға қатысуға шектеу қою, сондай-ақ мемлекеттік қызметке кірген кезде кәсіпкерлік қызметті тоқтату міндеті.

Мемлекеттік аппараттың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға арналған жеке бөлім қарастырылған. Онда мемлекеттік қызметке дайындық институтын енгізу, «Е-қызмет» жүйесі арқылы цифрлық іріктеу, құқық бұзушылықтардың алдын алу қызметтерін құру және тәлімгерлік институтын нығайту көзделген.

Заң жобасы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жаңа қызмет құруды да қарастырады. Әдеп жөніндегі уәкіл тәртіптік комиссияның жұмысын ұйымдастырады, қызметтік әдептің сақталуын бақылайды, мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғайды және олардың әрекеттеріне қатысты шағымдарды қарайды.

Тағы басқа нормалар

Сонымен қатар, келесі нормалар енгізіледі:

бос лауазым бойынша бір жылға дейін конкурссыз уақытша міндет атқару мүмкіндігі және бұл кезеңді мемлекеттік қызмет өтіліне қосу;

белгілі бір жағдайларда жалақыдан 50%-ға дейін қарызды ұстап қалу тәртібі (іссапар шығындары мен игерілмеген аванстарды қоса алғанда);

тәртіптік бұзушылықтар немесе шұғыл тапсырмаларды орындау қажеттілігі туындаған жағдайда қызметкерді оның келісімінсіз демалыстан немесе оқудан кері шақырып алу;

мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін әрекеттер тізбесі, оның ішінде медициналық мақсаттан тыс есірткі қолдану және мас күйінде көлік жүргізу.

Жоба мемлекеттік қызметшілерді медициналық тексеруден өткізу тәртібін белгілейді, сондай-ақ мемлекеттік органдарды көшіру және қызметтік ауысулар кезінде төлемдерді реттейді.