Қазақстанда жер салығын 20 есе көтеру ұсынылды

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстан ет одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаев басқа төлем түрлерін алып тастап, жер салығын арттыруды ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Ол жер салығын 20 есе көтеру бастамасын көтерді. Сонымен қатар Бақтыбаев қазіргі қолданыстағы өзге де міндетті төлем түрлерін жоюды ұсынады. Оның сөзінше, мұндай жағдайда жермен шын мәнінде айналысып отырған фермерлерге түсетін қаржылық салмақ артпайды, керісінше жеңілдейді. Ол бұл шара жүзеге асса, Қазақстандағы жер қатынастары саласында тәртіп орнатуға болады деп есептейді.

– Біз осы жеті түрлі салықсыз, күрделі ҚҚС-сыз, әлеуметтік төлемдерсіз әр гектар үшін ғана төлейтін боламыз. Қазір тым көп салық бар, соған байланысты бухгалтер де ұстау керек. Ал мұнда Kaspi арқылы салықты шығарып береді, сен оны төлейсің. Ал жерді жай ұстап отырған адам «жерімді 100 млн теңгеге сатамын» деуі мүмкін. Бірақ оған 20 млн салық шықса, бір рет төлегенмен, кейін оны берген дұрыс деп шешеді. Сонымен бірге салықтың жиналуы да түсінікті әрі ашық болады, салықтағы «шұңқырлар» болмайды. Жер актив ретінде жұмыс істейді. Конституция бойынша жердің иесі саналатын мемлекет экономикалық ынталандыру арқылы оны жұмыс істеуге мәжбүрлейді, соттар, комиссиялар, инспекциялар секілді жемқорлық тәуекелі бар тетіктерді азайтады. Осындай бағыт берсек, үш жылдың ішінде жер қатынастары саласында тәртіп орнайтынына кепілдік беремін, – деді ол TengeTalks-қа берген сұхбатында.