Өскеменде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға қатысты резонанс тудырған сот процесі жалғасып жатыр. Кезекті отырыста ол өз кінәсін толық мойындады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz YK-news.kz-ке сілтеме жасап.
Толығырақ
19 наурызда Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың ісі бойынша сот отырысы өтті. Шенеунікке Қылмыстық кодекстің бірден екі бабы бойынша айып тағылған. Олар — «мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамның аса ірі мөлшерде алаяқтық жасауы» және «лауазымды адамның ірі мөлшерде пара алуы».
Көлікке қатысты іс
Бірінші эпизод Жақсылық Омар Өскемен әкімі қызметін атқарып жүрген кезеңге қатысты. Айыптау нұсқасына сәйкес, шенеуніктің өтініші бойынша қала тұрғындарының бірі жергілікті кәсіпорынға материалдық көмек ретінде автокөлік беру жөнінде өтініш рәсімдеген. Осыдан кейін әлгі азамат 2021 жылы шығарылған Toyota Camry 75 көлігін алған.
Оның айтуынша, ол көлікті қала әкімдігі ғимаратына айдап барып, кілтін тапсырғаннан кейін бұл автокөлікті қайта көрмеген. Кейін көлік үшінші адамның атына рәсімделіп, trade-in бағдарламасы арқылы жаңа үлгідегі көлікке ауыстырылған. Тергеу мәліметінше, сол көлікті айыпталушы пайдаланған. Тергеу органдары осы әрекет салдарынан жәбірленушіге 13 миллион теңге көлемінде залал келтірілді деп есептейді. Омарға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 1 және 2-тармақтары бойынша айып тағылған. Сот отырысы барысында жәбірленуші өзіне келтірілген шығынның өтелгенін, енді ешқандай талабы жоқ екенін мәлімдеді.
Екінші эпизод
Екінші эпизод ақпан айының басында болған. Іс материалдарына сүйенсек, Жақсылық Омар қала әкімдігі қызметкерлерінің бірімен кездесуде одан 20 миллион теңге әкелуді сұраған. Айыпталушының өзі мұны талап емес, өтініш болғанын алға тартты. Алайда айыптау тарапы бұл жайтты жалпы қамқорлығы үшін пара алу ретінде бағалаған.
Ақшаны беру
Әкімдік қызметкері бұл өтініштің заңсыз екенін сезіктеніп, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жүгінген. Арнайы қызметтің бақылауымен ол Жақсылық Омармен қайта кездесіп, ақшаны бөліп-бөліп беруді ұсынған. Айыпталушы бұған келіскен. Сол күні күдіктіге үшінші адам арқылы 6 миллион теңге қолма-қол берілген. Шенеунікті тұрғылықты жерінде және жұмыс орнында ұстау кезінде 5,6 миллион теңге табылған.
Соттағы мойындау
Сот отырысы кезінде Жақсылық Омар өз кінәсін толық мойындады. Сотталушының қорғаушылары оған бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады. Адвокаттардың айтуынша, туыстары ықтимал айыппұлды төлеу үшін қажетті қаражатты жинап қойған. Соның дәлелі ретінде сотқа 112 миллион теңге бар екені көрсетілген шоттан үзінді ұсынылды. Іс бойынша келесі сот отырысы 26 наурызға белгіленді.