Ресейде Путинді сынаған билікшіл блогер Илья Ремесло психиатриялық ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
БАҚ мәліметінше, Ремесло Скворцов—Степанов атындағы №3 қалалық психиатриялық ауруханаға жатқызылған. Ол алғаш рет психикалық ауытқулары анықталған науқастар ем алатын 16-бөлімшеге орналастырылған.
Аурухананың анықтама қызметі журналистерге мұндай деректері бар науқастың шынымен ем қабылдап жатқанын растаған, сондай-ақ оған сәлемдеме жолдауға болатынын айтқан. Блогер соңғы рет Telegram мессенджерінде 18 наурыз күні кешке кірген.
Құқық қорғаушылар мен тарихшылардың мәліметінше, ХІХ ғасырда негізі қаланған Скворцов—Степанов атындағы мекеме кеңестік кезеңде, жазалау құралы ретінде пайдаланылған. Сол жерде қамалғандардың қатарында диссидент Александр Скобов болған.
Қазіргі Ресейде де аталған аурухана осындай тәжірибелермен байланыстырылып келеді. Атап айтқанда, 2023 жылы Санкт-Петербург тұрғыны Виктория Петрова «соғысқа қарсы материалдар таратты» деген айыппен осы мекемеге жатқызылған.
Контекст
Илья Ремесло — заңгер әрі блогер. Ол көпшілікке Алексей Навальный мен оның жақтастарына қарсы ақпараттық науқандарға қатысуымен танылған. Әр жылдары ол түрлі шағымдар түсіріп, соның негізінде бірқатар істер қозғалған. Сонымен қатар ол кейбір интернет-ресурстарды «сенімсіз» деп атауға да түрткі болған.
Ауруханаға жатқызылардың алдында Ремесло Владимир Путин мен Украинадағы соғысқа қатысты сын айтып,бірқатар жазба жариялаған. Онда ол Путинді қолдауды тоқтатқанын мәлімдеп, оны экономикаға зиян келтірді және сөз бостандығын шектеді деп айыптаған. Сондай-ақ оның отставкаға кетуін және сот алдында жауап беруін талап еткен. Блогер тергеу мен сот процесіне дайын екенін де мәлімдеген.