Байқоңырда тарихи оқиға болмақ

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

«Союз-5» зымыран тасығышының Байқоңырдан алғашқы ұшуы 27 наурызға жоспарланған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қазақстан мен Ресейдің бірлескен «Бәйтерек» жобасы аясындағы «Союз-5» зымыран тасығышының алғашқы ұшырылымы 2026 жылғы 27 наурызға белгіленген. Қосалқы күн ретінде 28 наурыз көрсетілген. Ұшырылым Байқоңыр ғарыш айлағынан жергілікті уақытпен сағат 16:00-де өтпек. Бұл туралы Ресейдің Ханты-Мансы автономиялық округіндегі Кондин ауданы әкімдігінің ескертуінен белгілі болды: билік жергілікті тұрғындарға зымыран бөлшектерінің құлауы мүмкін екенін хабарлаған.

ЖОСПАР

Бастапқыда ұшырылым 2025 жылдың соңына жоспарланған, алайда кейін жүйелерді қосымша тексеру үшін кейінге шегерілген. Былтыр желтоқсанда Қазақстанның цифрлық даму министрлігі Байқоңырдағы зымыран мен жерүсті инфрақұрылымы дайын болғанымен, борттық жүйелер мен жерүсті жабдықтарының сенімділігі мен қауіпсіздігін қосымша растау үшін қосымша тексерулер жүргізу туралы шешім қабылданғанын мәлімдеген еді.

БӘЙТЕРЕК ЖОБАСЫ

«Бәйтерек» зымыран кешенін Қазақстан мен Ресей 2004 жылдан бері талқылап келеді. Ол Байқоңыр базасында жаңа ғарыштық инфрақұрылым құруды көздейтін ең ауқымды бірлескен жобалардың бірі саналады. 2025 жылдың соңында қазақстандық тарап алғашқы сынақ ұшырылымын 2026 жылдың бірінші тоқсанына жоспарлап отырғанын айтқан.