Украина Ресейдің Балтық теңізіндегі ең ірі мұнай портын дронмен шабуылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
23 наурызға қараған түні Украина дрондары Балтық теңізіндегі Приморск портын шабуылдады. Бұл — Ресей мұнайы мен дизель отынын экспорттауға арналған ең ірі ауыстырып тиеу пункттерінің бірі.
Портқа шабуыл болғанын Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденко да растады. Оның айтуынша, соққы салдарынан резервуарлардың бірі зақымданып, өрт шыққан. Қызметкерлер эвакуацияланып, қазіргі уақытта өртті сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Контекст
Порт тәулігіне шамамен 1 миллион баррель мұнай және 300 мың баррельге жуық дизель отынын қабылдай алады. Бұл Приморск портына жасалған екінші соққы. Алдыңғы шабуыл өткен жылдың 12 қыркүйегінде болған еді. Ол кезде порттың бір бөлігі істен шығып, мұнай жөнелту бірнеше күнге кешіктірілген.