АҚШ Иранды атқылауды бес күнге тоқтататын болды

Ulysmedia
Фото: АР

АҚШ Иранның энергетикалық инфрақұрылымына соққы жасауды бес күнге тоқтата тұрады. Бұл жөнінде президент Дональд Трамп өзінің Truth Social парақшасында жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Трамптың айтуынша, бұл шешім Вашингтон мен Тегеран арасындағы келіссөздерге байланысты қабылданған.

«Соңғы екі күн ішінде АҚШ пен Иран Таяу Шығыстағы өзара келіспеушіліктерімізді толық шешуге бағытталған аса тиімді және жемісті келіссөздер өткізді. Осы жан-жақты және конструктивті талқылаулар апта бойы жалғасатынын ескере отырып, мен АҚШ Қорғаныс министрлігіне Иранның электр станциялары мен энергетикалық инфрақұрылымына кез келген әскери соққыларды бес күнге кейінге қалдыруды тапсырдым — тек қазіргі кездесулер мен келіссөздер сәтті жалғасқан жағдайда», — деп жазды Трамп.

Бұған дейін Дональд Трамп Ормуз бұғазын ашпаса, Иранның энергетикалық инфрақұрылымын атқылайтынын мәлімдеген. Тегеран қарымта ретінде АҚШ-тың Таяу Шығыстағы одақтастарының энергетикалық нысандарын шабуылдайтынын айтқан.