Қазақстаннан 130-дан астам ресейлік компания кетіп қалған

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

2026 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша Қазақстанда шетелдік қатысуы бар 48,5 мың ұйым тіркелген. Бұл жыл басымен салыстырғанда 2,3%-ға (1,1 мыңға) көп, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Өсім негізінен шағын кәсіпорындар есебінен байқалған (47,9 мың, +2,3%), сондай-ақ орта бизнес те аздап артқан (349, +0,3%). Ал ірі компаниялар саны 1,3%-ға қысқарып, 217-ге дейін төмендеген.

Сонымен қатар Ресейге қатысы бар компаниялар саны 131-ге азайып, 17,2 мыңды құрады. Бұдан бөлек, Украина (–5, 904-ке дейін), Армения (–5, 300-ге дейін), Оңтүстік Корея (–3, 548-ге дейін) бизнесінің үлесі де қысқарған, деп жазады LS.

Ал бірқатар ел бойынша өсім байқалады: Өзбекстан (+7,5%, 7 мыңға дейін), Қытай (+7,4%, 6,8 мыңға дейін), Ауғанстан (+4%, 441-ге дейін), Үндістан (+7%, 412-ге дейін), Грузия (+4%, 412-ге дейін), БАӘ (+4%, 400-ге дейін), Сингапур (+6,6%, 291-ге дейін) және Гонконг (+13,5%, 244-ке дейін).

САЛАЛАР

Салалар бойынша ең жоғары өсім құрылыс секторында (+6,8%, 4 мыңға дейін) және саудада (+2,6%, 17,3 мыңға дейін) тіркелген. Сонымен қатар әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету, өңдеу өнеркәсібі, қаржы және сақтандыру салаларында да өсім бар.

Ал кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте (–2,2%) және ақпарат пен байланыс саласында (–2%) төмендеу байқалған.

ӨҢІРЛЕР

Шетелдік бизнес негізінен Алматы қаласында (24,1 мың, +3,6%) және Астанада (9,4 мың, +2%) шоғырланған.

Ал Жамбыл (–2,8%) және Қостанай (–1,1%) облыстарында шетелдік компаниялар саны азайған.