Түркістан облысында сегіз жасар бала төрт күннен бері іздестіріліп жатыр

Сырым Қаржас
Жаннұр Тұрсынбектің туыстары ұсынған фото

Түркістан облысында сегіз жасар Жаннұр Тұрсынбек төрт күннен бері іздестіріліп жатыр. Ол 23 наурызда Абай ауылында жоғалған. Бала суға құлап, өзен ағысымен ағып кеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Оқиға кешкі сағат бес шамасында болған. Екінші сынып оқушысы басқа балалармен ойнап жүргенде, аяқ киімін арыққа түсіріп алып, оны қайта алмақ болып жүгірген. Сол кезде құлап кетіп, арықтан шыға алмай қалған, ағыс оны өзенге қарай алып кеткен. Жанында болған балалар бұл оқиғаны көрген. Сол уақыттан бері іздеу жұмыстары тоқтаған жоқ. Құтқарушылар, полиция мен жергілікті тұрғындар жағалауда жұмыс істеп жатыр. Әзірше нәтиже жоқ.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді. Арық тым төмен және ешқандай қоршаумен қорғалмаған. Балалар оған еркін түсіп ойнай алады.

– Мұнда балалар ойнайды. Қоршау да, ескерту белгілері де жоқ. Егер мұнда қоршау тұрса, інім аман қалар еді. Құтқарушылар өздері-ақ бәрін істей аламыз деп, Шымкент ТЖД-ға жүгінгісі келмейді. Іздеу жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізбей, үш күннен кейін дене өздігінен шығады деп сеніп отыр, – дейді баланың әпкесі Әсел Бердібай.

ТЖД НЕ ДЕЙДІ

Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінде іздеу жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқанын хабарлады.

– Іздеуге құтқарушылар, полиция және жергілікті тұрғындар тартылған. Барлығы 120 адам, 15 техника бірлігі, екі қайық және екі ұшқышсыз аппарат жұмыс істеп жатыр. Балаларды қараусыз қалдырмауды сұраймыз, – деді департаменттің орынбасары Асхат Ержанов.