Meta мен Google балаларды интернетке "байлап қойғаны" үшін 6 млн доллар айыппұл төлейді

Сырым Қаржас
cdn.prod.website-files.com

Лос-Анджелесте алқабилер Meta және Alphabet компанияларын әлеуметтік желілерге тәуелділікке қатысты іс бойынша 6 млн доллардан астам өтемақы төлеуге міндеттеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖӘБІРЛЕНУШІГЕ ӨТЕМАҚЫ

Іс бойынша 20 жастағы қолданушыға психологиялық зардап үшін 4,2 млн доллар өтемақы тағайындалды. Бұған қоса, тағы 1,8 млн доллар айыппұл ретінде белгіленген.

ДАУДЫҢ БАСЫ

Сот талқылауында YouTube пен Instagram платформаларының дизайны назарға алынған. Алқабилердің пікірінше, бұл платформалардың механикалары, әсіресе жасөспірімдер арасында тәуелділік қалыптастыруға ықпал етеді.

Сот компаниялар пайдаланушыларды ықтимал қауіптер туралы ескертпегенін және платформаларды әзірлеуде салғырттыққа жол бергенін атап өтті. Жәбірленуші тараптың адвокаттары мәселе контентте емес, қолданушыларды «байлап қоятын» алгоритмдер мен функцияларда екенін алға тартқан.

КОМПАНИЯЛАРДЫҢ ҰСТАНЫМЫ

Өз кезегінде Meta өкілдері жәбірленуші қыздың жағдайы әлеуметтік желілерге емес, жеке өміріндегі факторларға байланысты екенін мәлімдеді. Екі компания да сот шешіміне шағым түсіретінін хабарлады.

БҰЛ ІС НЕНІ БІЛДІРЕДІ

Сарапшылар бұл шешім прецедентке айналуы мүмкін екенін айтады. Соңғы жылдары әртүрлі елдерде балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалануына бақылау күшейіп келеді. Мысалы, тек АҚШ-та 2025 жылы шамамен 20 штатта жасөспірімдерге қатысты шектеулер енгізілген.