Балада невроз барын қалай білеміз: Маман жеті белгісін атады

Қалижан Бектемір
Фото: ru.freepik.com

Баланы елемей тәрбиелеу оның психологиялық жағдайына ауыр әсер етуі мүмкін. Балалар клиникалық психологы Айнұр Алдаш осындай пікірде, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МАМАН НЕ ДЕЙДІ?

Маманның сөзінше, балалық шақ махаббат пен қуанышқа толы болуы тиіс. Алайда ата-ананың назарынан тыс қалған балада түрлі психологиялық бұзылыстар біртіндеп қалыптасуы мүмкін.

Айнұр Алдаш ата-аналар жиі байқамайтын бала неврозының жеті кезеңін атап өтті. Оның айтуынша, алғашқы кезеңде баланың мінез-құлқы күрт өзгеріп, ол шамадан тыс тыныш немесе керісінше ашушаң бола бастайды.

Екінші кезеңде соматикалық белгілер байқалады. Бала іші немесе басы ауырғанын айтып шағымданады, алайда дене қызуы болмайды. Бұл – ағзаның ішкі күйзеліске берген белгісі.

Үшінші кезеңде жабыспалы әрекеттер пайда болады. Бала ернін жалау, шашын айналдыру немесе құлағын тарту сияқты қимылдарды жиілетеді. Маманның айтуынша, бұл әдет емес, баланың өзін-өзі тыныштандыру тәсілі.

АТА-АНАЛАРҒА ЕСКЕРТУ!

Төртінші кезеңде бала жиі көзін жыпылықтатып, жөтеле береді немесе мұрнын тарта береді. Бұл ішкі қысымның белгісі саналады.

Бесінші кезеңде түрлі қорқыныштар пайда болады. Бала қараңғылықтан, жалғыз ұйықтаудан немесе бөтен адамдардан қорқуы мүмкін. Бұл мазасыздықтың күшейгенін көрсетеді.

Алтыншы кезеңде энурез байқалады. Психолог бұл жағдайды еркелік емес, ағзаның дабылы ретінде қабылдау керектігін айтады.

Жетінші кезеңде апатия мен депрессия белгілері көрініс табады. Бұл баланың ішкі күйзелісі шегіне жеткенін білдіреді.

Маман ата-аналарды мұндай белгілерге бейжай қарамауға шақырып, «өтіп кетеді» деп күтудің қауіпті екенін ескертті.