2025 жылдың төртінші тоқсанында Қазақстандағы орташа айлық жалақы 473 мың теңгені құраған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ИНФЛЯЦИЯҒА «ЖЕМ БОЛҒАН» ӨСІМ
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елдегі орташа атаулы жалақы бір жыл ішінде 8,8%-ға өсіп, 473 мың теңгеге жеткен. Алайда инфляцияны есепке алғанда, нақты жалақы керісінше 3,2%-ға төмендеген.
ҚАЙ САЛАЛАРДА ӨСІМ ТӨМЕН?
Сала бойынша ең жоғары өсім ауыл және орман шаруашылығында байқалды – 25,9%. Сондай-ақ жылжымайтын мүлік саласында жалақы 14,5%-ға, ал көлік және қоймалау секторында 11,9%-ға артқан. Ең төмен өсім денсаулық сақтау саласында – 5,6% және білім беру саласында 5,7% болды.
ЕҢ ЖОҒАРЫ ЖАЛАҚЫНЫ КІМ АЛАДЫ?
Ең жоғары орташа жалақы қаржы және сақтандыру саласы қызметкерлерінде – 987 мың теңге, ал тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 979 мың теңге. Бұл көрсеткіштер елдегі орташа жалақыдан екі есеге жуық жоғары.
Жалақы көлемі бойынша үшінші орында ақпарат және байланыс саласы тұр – 883,5 мың теңге. Одан кейінгі орындарда:
– Ғылыми және техникалық қызмет – 731 мың теңге.
– Өнеркәсіп – 690,8 мың теңге.
– Көлік және қоймалау – 641 мың теңге.
– Өңдеу өнеркәсібі – 602 мың теңге.