12 жылдан бері мыңдаған тыңдарманның жүрегіне жол тапқан «Алматының түндері-ай» әні әнші Әлішер Қайратовтікі болып шықты. Ал Қайрат Нұртас Әлішерге бір тиын бермей, жылдар бойы пайданы жалғыз өзі көріп келген. Бұл туралы Қайратовтың әйелі әлеуметтік желіге жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әлішер Қайратовтың жұбайы Сандина резонанс тудырған мәлімдеме жасады. Ол Threads желісінде жазба жариялап, аты аңызға айналған әнді оның күйеуі 2013 жылы сатып алғанын алға тартты.
Сіздер білесіздер ме, Қайрат Нұртас орындайтын “Алматының түндері-ай” атты аңызға айналған ән шын мәнінде менің күйеуім Әлішер Қайратовқа тиесілі екенін? Олар бір кездері бұл әнді бірге орындаған. Авторлық құқық бойынша, Қайрат бұл әнді басқа орындаушылармен бірге айтуына болмайды. Не жеке өзі, не Әлішермен бірге орындауы тиіс. Иә, мен бұл туралы тек 12 жылдан кейін жазуды шештім, – делінген жазбада.
ӘН ҚҰЖАТ БОЙЫНША ӘЛІШЕРГЕ ТИЕСІЛІ
Сандина Бисен tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында, құжаттарға сәйкес, ән 2013 жылдан бері Әлішер Қайратовқа тиесілі екенін айтты. Бұл құжаттар бұрын түрлі жеке себептерге байланысты жария етілмеген. Бастапқыда әннің музыкасы композитор Самат Рыспанбеттен сатып алынған, кейін мәтіні үшін бөлек ақы төленген. Ал Әлішер Қайрат Нұртаспен мектеп кезінде – отбасылық тойда танысқан. Оның сөзінше, сол кезде екеуі бірнеше әнді бірге жазуға гонорарға келісім жасаған.
Ол кезде Әлішер 16 жаста еді, ҰБТ-ға дайындалып жүрген. Қайрат Нұртас Әлішердің әжесінің мерейтойына келген. Сол жерде Қайрат ән айтты. Олар әңгімелесіп, дуэт болып бірнеше ән жазуға, белгілі бір гонорарға келіседі. Содан кейін лайықты ән іздей бастайды да, композитор Самат Рыспанбетке шығады. Ол кезде оның тек әуені ғана болған. Барлығын Әлішер өзі төледі: әуенді, аранжировканы, өңдеуді және мәтін үшін Құрманай Бахтиярқызына бөлек ақы төледі, ол үшін Шымкентке арнайы барған, – деп есіне алды Сандина.
АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚТЫ СОТТА ДӘЛЕЛДЕМЕК
Осылайша, Әлішер Қайратов өз қалтасынан гонарарға 4–5 мың доллар көлемінде қаржы шығарады. Әнді орындау мен оны ілгерілетуге байланысты барлық шығындар әуел бастан Әлішер тарапынан көтерілді. Атап айтқанда, әншінің бірлесіп орындауы үшін алдын ала келісім жасалып, оған төлем жүргізілген. Мұндай шарттар – қалыпты тәжірибе, себебі әртістер тиісті келісімсіз жобаларға қатыспайды.
“Алматының түндері-ай” әні жазылып, одан соң тағы екі бірлескен трек – «Қайда-қайда» және «Қалай жетем» жарық көрген. Жақында құжаттар архивін қарап отырып, осы материалдарды тауып алдым және құқықтардың да ресми түрде рәсімделгеніне назар аудардым. Осыдан кейін бұл ақпаратты жариялап, қоғамға жеткізу туралы шешім қабылданды, – дейді ол.
Оның айтуынша, отбасы әннің жарнамада және стримингтік платформаларда қолданылғаны үшін ешқандай төлем алмаған. Қазір олар мәселенің заңдық жағын зерттеп жатыр. Алдағы уақытта авторлық құқықтарын ресми түрде қорғап, Нұртас командасының әрекеттеріне құқықтық баға беруді көздеп отыр.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Әлішер аграрлық бизнеспен айналысады, ал музыка ол үшін хобби болып қалған.
ӘН ТУРАЛЫ АҚПАРАТ
Ресми деректер бойынша, композицияның авторы – Самат Рыспанбет, ал сөзін жазған – Құрманай Бахтиярқызы. Метадеректерде құқық иесі ретінде Kairat Nurtas Production көрсетіліп жүр. Ал ашық дереккөздерде әннің бірнеше нұсқасы бар:
Ресейлік әнші Нюшамен бірге орындаған нұсқасы YouTube желісінде шамамен 30 миллион қаралым жинаған, ал стримингтік платформалардағы тыңдалым саны 3 миллионнан асады.