«Таза Қазақстан» науқаны: бір жылда айыппұлдан 4 млрд теңге түсті

Анар Лепесова
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда «Таза Қазақстан» жобасы шеңберінде 2025 жылы табиғатты қорғау заңнамасын бұзғандарға салынған айыппұлдар сомасы 4 млрд теңгеден асып жығылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

РЕЙДТІ КІМ ЖҮРГІЗЕДІ?

Ішкі істер министрлігі Ulysmedia.kz редакциясының ресми сұрауына берген жауабында президенттің «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру бағытында атқарылып жатқан шаралар жөнінде мәлімет берді.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, полиция қызметкерлері, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекцияларының өкілдері, әкімдіктер мен қоғам өкілдері қатарынан бірлескен мобильді топтар құрылған. Олар заңсыз қоқыс тастау фактілерінің жолын кесу, тұрмыстық қатты қалдықтарды кез келген жерге жинауға жол бермеу, сондай-ақ белгіленбеген орындарға ағынды суларды төгудің алдын алу бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізеді.

ҚАНДАЙ ТАЛАПТАР ЖИІ БҰЗЫЛАДЫ?

Полицейлердің дерегінше, рейдтер барысында анықталатын құқық бұзушылықтарының дені – ортақ пайдалану орындарын ластау (ӘҚБтК-нің 434-2-бабы), қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендердегі жасыл желектерді жою және бүлдіру (ӘҚБтК-нің 505-бабы) деректері.

Өткен жылы шамамен 402 мың құқық бұзушылықтың жолы кесілсе, биыл жыл басынан бері табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 107,8 мың дерегі анықталған.

«2025 жылы барлығы 109,9 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде ӘҚБтК-нің 434-2-бабы (ортақ пайдалану орындарын ластау) бойынша – 99,2 мың, ӘҚБтК-нің 505-бабы (абаттандыру қағидаларын бұзу) бойынша – 10,6 мың», – дейді ІІМ өкілдері.

2025 жылы салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 4 млрд теңгеден асқан. Ал биыл үш айының өзінде 1,1 млрд теңге айыппұл салынған.

ҚОҒАМДЫҚ ОРЫНДАРДЫ ЛАСТАҒАНДАРҒА ЖАЗА ҚАНДАЙ?

Қазақстанда қоғамдық орындарды ластағандар ӘҚБтК-нің 434-2-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Жаза мөлшері құқық бұзушылықтың ауырлығына және қайталануына байланысты белгіленеді. Бап санкциясы жеке тұлғаларға 10-нан 20 АЕК-ке дейін айыппұл салуды немесе 40-тан 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартуды көздейді.

Министрлік дерегінше, былтыр қоғамдық орындарда қоқыс тастағаны үшін 99,4 мыңнан астам құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдардың жалпы сомасы 3,3 млн теңгеден асып жығылған.

ТАБИҒАТТЫ ЛАСТАУШЫЛАР ҚАЙ ӨҢІРДЕ КӨП?

Қоршаған ортаны ластау деректерінің ең көп саны Астана және Алматы қалаларында, сондай-ақ Түркістан облысында тіркеледі екен. Полицейлер мұны аталған өңірлерде халық санының көп болуымен байланыстырады.

«Көп жағдайда құқық бұзушылықтарды полиция қызметкерлері және мобильді топтар аумақты патрульдеу кезінде, сондай-ақ рейдтік іс-шаралар барысында анықтайды», – дейді ІІМ өкілдері.

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ҚАНДАЙ АКЦИЯ?

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы  – 2024 жылдың көктемінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен бастау алып, бүкіл ел аумағында жалғасқан кең ауқымды шара.

фото: gov.kz

Кампанияның негізгі мақсаты – табиғатты тазарту ғана емес, халық арасында жаңа экологиялық мәдениет қалыптастыру. Акцияға қоғамның барлық өкілдері, әсіресе жастар жағы жаппай атсалысты. Мәселен, Астанада былтыр жыл бойы 800-ден астам экологиялық іс-шара өткізілді, оған 627 мыңнан астам қала тұрғыны қатысқан. Бұл – қала тұрғындарының үштен біріне жуық көрсеткіш.

Акция нәтижесінде елордада шамамен 120 мың тонна қоқыс шығарылды. 1,1 миллионнан астам өсімдік отырғызылды. Есіл өзені, Нұра-Есіл, Ақбұлақ және Сарыбұлақ каналдарынан 3 мың тоннадан астам қалдық шығарылды.

Қала тұрғындарының экологиялық жауапкершілігін арттыру және өзара байланыс орнату үшін іске қосылған «Таза Қазақстан» чат-боты бүгінгі күнге дейін 3 600 өтініш түссе, оның 89%-ы орындалған.