Құрылтай сайлауының уақыты белгілі болды

Ulysmedia
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды марапаттау рәсімінде Конституция күшіне енген сәттен бастап бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізу жөніндегі Жарлыққа қол қоятынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

САЙЛАУ ТАМЫЗДА ӨТЕДІ

Мемлекет басшысы ретінде еліміз үшін елеулі оқиғалар туралы алдын ала ақпарат беру өте маңызды деп санаймын. Конституция күшіне енген сәттен бастап бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізу жөніндегі Жарлыққа қол қоямын. Сайлау биыл тамыз айында өтеді. Мұны әдейі ерте айтып отырмын. Өйткені партиялардың жоспарларын айқындап, сайлау науқанына дайындық жүргізуіне жеткілікті уақыты болуы керек, – деді мемлекет басшысы.

ПАРТИЯЛАРҒА 5 АЙ УАҚЫТ БЕРІЛДІ

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, партиялардың сайлаушылармен тиісті жұмыс жүргізуіне бес айға жуық уақыт беріледі. Құрылтай сайлауы Қазақстанның бүкіл саяси жүйесін жаппай «қайта құруға» жол ашады.

Бұл ретте біз жүзеге асырып жатқан саяси және экономикалық реформалар қоғамдық сананың оң сипатта өзгеруіне әсер етуге тиіс. Мен мұның маңызы жөнінде бірнеше рет айттым, – деді президент.

КОНТЕКСТ

Еске сала кетейік, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап 1995 жылғы Конституция негізінде қалыптасқан қазіргі құрамның өкілеттігі тоқтатылады. Осыдан кейін президент бір ай ішінде жаңа құрылтайға сайлау жариялауы тиіс. Ал сайлаудың өзі екі ай ішінде өтеді.

Жаңа модель бұрынғысынан өзгеше болады: Мәжіліс пен Сенат болмайды, бірмандатты округтер жойылады, сондай-ақ президенттік квота алынып тасталады.

Алдағы өзгерістер қарсаңында сарапшылар жаңа тұлғалар пайда болып, бәсекелестік күшейеді, ықпал үшін күрес жанданады деп күткен. Алайда әзірге мұндай үрдіс байқалмай отыр.

Парламент тарап, жаңа құрылтай сайлауының уақыты жақындаған тұста кейбір мәжіліс депутаттарының әлеуметтік желі мен БАҚ-та белсенділігі артқаны туралы Ulysmedia.kz жариялаған сараптамадан оқи аласыз.