Балықтар қырылып қалған: Қытайлық тіскебасарлар балаға қауіпті

Ulysmedia
Фото: Caravan.kz

Қытайлық тіскебасарларды барлық дүкен сөрелерінен кездестіруге болады. Аз уақыт ішінде балалардың арасында кеңінен танылған жеңіл тағам денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

E952-ГЕ АМЕРИКАДА ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН

Qazaq Expert Club сарапшысы, профессор Лаура Аутелеева жүргізген зерттеу нәтижесінде қытайлық снектердің құрамында зиянды қоспалар бар екені анықталды. Сонымен қатар, кейбір өнімдер таңбаланбаған. Бұл талапқа сай емес әрі күмән тудырады.

С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің ғалымдары мен студенттері қытайлық жеңіл тағамдардың құрамын талдаған. Зерттелген барлық үлгілерден дәм күшейткіштер (E621, E635), тәттілендіргіштер (E952, E955) және синтетикалық бояғыштар (E102, E110) табылған.

Аталған қоспалар Қазақстанда тыйым салынбағанымен, оларды жиі тұтыну аллергия тудыруы, ішек микрофлорасына кері әсер етуі және асқазан-ішек жолы ауруларын қоздыруы мүмкін. Сондай-ақ снектерден табылған жануар майы жиі қолданылған жағдайда холестерин деңгейін арттырады.

Сарапшы әсіресе E952 (цикламат) тәттілендіргішіне назар аударған. Ол АҚШ-та тыйым салынған, ал Еуропа елдерінде тек қатаң мөлшерлеумен ғана рұқсат етілген. Кей зерттеулер оның канцерогендік қасиеттері болуы мүмкін екенін көрсетеді.

БАЛЫҚТАР ЕКІ ТӘУЛІК ІШІНДЕ ҚЫРЫЛЫП ҚАЛҒАН

Қытайлық жеңіл тағамдардың адам денсаулығына қаншалықты қауіпті екенін және олардың құрамындағы зиянды заттардың концентрациясы қандай деңгейде екенін анықтау үшін ғалымдар гуппи балықтарына тәжірибе жүргізген.

Нәтижесінде, импортталған снектердің қоспаларымен «азықтанған» балықтардың 40%-ы алғашқы екі тәулік ішінде қырылып қалған. Бұл орташа деңгейдегі уыттылықты көрсетеді.

Лаура Аутелееваның айтуынша, қытайлық снектерді шектеу немесе тағамдық қоспаларға тыйым салу мәселесін көтеру үшін қосымша талдаулар мен ұзақ мерзімді зерттеулер қажет.

Мен әрі қарай да зерттеулер жүргізіп, астаналық мектеп оқушыларына түсіндіру жұмыстарын өткізуді жоспарлап отырмын. Бұл снектердің құрамы балалардың денсаулығына қауіп төндіреді. Сонымен қатар, заңсыз әкелінген тауарларды сатып алмау керектігін түсіндіру маңызды, – деді Лаура Аутелеева.