BBC телерадиокорпорациясы 2 мыңға жуық қызметкерін жұмыстан шығаруды жоспарлап отыр. Бұл – компаниядағы соңғы 15 жылдағы ең ірі қысқарту болмақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
КІМДЕР ҚЫСҚАРАДЫ?
Sky News телеарнасының мәліметінше, алдағы қысқартулар туралы қызметкерлерге сәрсенбі күні хабарланған. Алайда басшылық нақты қай қызметкерлер жұмыстан кететінін нақтыламаған.
Телеарна атап өткендей, бұл шешім компанияның алдағы үш жыл ішінде шығындарын 10%-ға қысқарту жоспарына байланысты. Мұндай қадам BBC тап болып отырған «елеулі қаржылық қысыммен» түсіндіріледі.
БУКИНГЕМ САРАЙЫ НЕГЕ АЛАҢДАУЛЫ?
Өткен айда The Telegraph басылымы BBC мемлекеттік маңызы бар ірі оқиғаларды (мысалы, патшайым Элизабета II-нің жерлеу рәсімі мен Чарльз III-тің таққа отыруы) жариялайтын BBC Studios Events командасында да қысқарту жүргізетінін хабарлаған еді.
Алты адамнан тұрған бұл командадан қазір тек журналист Клэр Попплуэлл ғана қалған. Ол 2011 жылы ханзадаУильям мен Кэтрин Миддлтонның, сондай-ақ 2018 жылы ханзада Гарри мен Меган Марклдың үйлену тойларын жариялауға жауапты болған. Қалған қызметкерлермен BBC енді штаттан тыс негізде жұмыс істеуді жоспарлап отыр.
Газет дереккөздерінің айтуынша, Букингем сарайы бұл қысқартулардың корольдік отбасыға қатысты іс-шараларды жариялауға әсер етуі мүмкін екеніне алаңдаулы.
Бұған дейін The Media Copilot порталы 2026 жылдың басында жасанды интеллект шолуларының әсерінен іздеу трафигі төмендеп, әлемдік БАҚ-та жаппай қысқартулар жүргенін хабарлаған. Press Gazette мәліметінше, қысқарту жүргізген басылымдар қатарында The Washington Post, CBS News, The Observer, Axios, CNBC, The Sun, Vox Media, The Wall Street Journal және Politico бар.