Кофені көп ішу зиян ба? Сарапшылар дұрыс мөлшерін айтты

Ulysmedia
Фото: istockphoto.com

Кофені көп ішсең зиян. Ал стресс пен мазасыздықты азайту үшін күніне белгілі бір мөлшерден аспасаң, пайдасы бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz ScienceAlert-ке сілтеме жасап. 

Халықаралық ғалымдар тобы кофені қалыпты мөлшерде ішу мазасыздық пен депрессия қаупін азайтуы мүмкін екенін анықтады. Зерттеуді Қытайдағы Фудань университетінің мамандары жүргізген. Олар 461 мыңнан астам адамның деректерін талдаған.

КОФЕНІҢ ПАЙДАЛЫ МӨЛШЕРІ ҚАНДАЙ?

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, мазасыздық пен депрессияның ең төмен қаупі күніне 2–3 кесе кофе ішетін адамдарда байқалған.

Ал кофеден мүлде бас тартқандарда немесе керісінше, оны шамадан тыс тұтынатындарда қауіп жоғары болған.

КӨП ІШСЕҢ ЗИЯН

Кофені көп ішу керісінше әсер етеді. Күніне 5 және одан көп кесе кофе ішетін адамдарда психикалық бұзылыстардың даму ықтималдығы айтарлықтай жоғары.

Ғалымдар бұл байланысты «J-тәрізді» деп сипаттайды: қалыпты мөлшер пайдалы, ал шектен шығу – зиян.

КОФЕНІҢ ТҮРІ ӘСЕР ЕТЕ МЕ?

Зерттеу нәтижесі кофе түріне байланысты өзгермеген. Яғни, ұнтақталған, ерітілген немесе кофеинсіз кофенің барлығы адамға бірдей әсер етеді.

Сонымен қатар, бұл әсер ерлерде әйелдерге қарағанда айқынырақ байқалған.

ЗЕРТТЕУ ҚАНШАЛЫҚТЫ ДӘЛ?

Зерттеу орта есеппен 13,4 жыл жүргізілген. Қатысушылар бастапқыда психикалық дертке шалдықпаған.

Ғалымдар жас, білім деңгейі, физикалық белсенділік және қатар жүретін аурулар сияқты түрлі факторларды ескерген.

Дегенмен, зерттеу авторлары бұл нәтижелер тікелей себеп-салдар байланысын дәлелдемейтінін атап өтті.

Мамандардың пікірінше, кофенің пайдасы оның құрамындағы биоактивті заттармен байланысты болуы мүмкін. Олар қабынуға қарсы әсер етіп, стресс пен көңіл күйге жауап беретін ми процестеріне ықпал етеді.