«Болашақ» бағдарламасы бойынша Америкада білім алып жатқан Гүлжайна Ноғаева азық-түліктің денсаулыққа пайдасын зерттеп жүр. Ол Қазақстан мен АҚШ-тағы мектеп мәзірін салыстырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МЕКТЕП МӘЗІРІНДЕ ПАЙДАЛЫ ТАҒАМ АЗ
Оның айтуынша, Қазақстанда мектеп мәзірі көбіне мемлекеттік сатып алуларға тәуелді. Diapazon.kz жазуынша, бұл арзан әрі пайдасы төмен өнімдердің қолданылуына жол ашады. Соның салдарынан ас мәзірінде тазартылған ұннан жасалған тағамдар, өңделген ет өнімдері мен тәтті сусындар басым. Формалды түрде талаптар сақталғанымен, рациондағы пайдалы заттар жеткіліксіз.
Ал Калифорнияда азық-түліктің 70%-ы ультраөңделген өнімдерден тұрады. Бұл балалардың денсаулығына кері әсер етеді. Дегенмен, билік 2035 жылға дейін мұндай өнімдерді мектеп асханаларынан толық алып тастауды жоспарлап отыр.
АГРОСЕКТОР МЕН ҒЫЛЫМ АРАСЫНДА БАЙЛАНЫС ЖОҚ
Қазақстанда сертификаттау жүйесі көбіне өндірушілердің өз мәліметтеріне сүйенеді. Ал АҚШ-та тәуелсіз зерттеулер мен тексерістер кеңінен дамыған. Яғни, бұл тек ведомстволық бақылау емес, нарыққа ықпал ететін және реттеуші шешімдерге негіз болатын сыртқы сараптама.
Экономикалық тұрғыдан да айырмашылық бар: АҚШ-та мектептегі бір түскі асқа бөлінетін федералдық өтемақы шамамен 4 долларды құрайды. Бұл қаржыдан мектептер қызметкерлерінің жалақысын, коммуналдық шығындарды және логистиканы өтейді. Ал азық-түлікке аз қаражат қалады. Осындай жағдайда жүйе Қазақстандағыдай арзан өңделген өнімдерге қарай ығысады.
Сонымен қатар, Калифорния мектеп тамағына 1 млрд доллардан астам инвестиция құйып отыр. Оның ішінде жергілікті өндірушілерді қолдайтын «фермадан мектепке дейін» бағдарламасы бар.
Ноғаеваның айтуынша, Қазақстан астық экспорттаушы ел болғанымен, агросектор мен ғылым арасындағы байланыстың әлсіздігі салдарынан азық-түлік қауіпсіздігі осал. Ел көбіне шикізат экспорттап, қосылған құны жоғары дайын өнімдерді импорттайды. Ал мемлекет рөлі көбіне жүйелі бақылаудан гөрі, жағдайға қарай әрекет етуімен шектеледі.
Калифорнияда мемлекет ойын ережесін қалыптастыратын белсенді реттеуші ретінде әрекет етеді. Ал бізде реттеу көбіне реактивті сипатта. Жүйе деректерге, тәуелсіз сараптамаға және инвестицияға негізделген жерде сапаны басқаруға болады. Ал бағаға ғана сүйенген жүйеде сапа қосалқы фактор болып қала береді, – деді сала маманы.
КОНТЕКСТ
Былтыр Қазақстанда оқушылардың рационына жылқы етін аптасына екі рет, екі порциядан енгізу ұсынылған болатын.
Құжатқа сәйкес, 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап елде білім беру ұйымдары үшін бірыңғай тамақтану стандарты енгізілген. Оны әзірлеу кезінде дұрыс әрі теңгерімді тамақтану бойынша халықаралық тәжірибе, сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынымдары ескерілген.
Аталған ұсынымдар семіздік, қант диабеті және жүрек-қан тамыры ауруларының алдын алуға бағытталған.