Дүйсенбі күні мұнай бағасы 6%-дан астам өсіп, қайта қалпына келді. Бұған дейін жұмада баға 9%-дан артық төмендеген еді. Бұған Ормуз бұғазының қайта жабылғаны туралы хабар себеп болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БАҒА ҚАНШАЛЫҚТЫ ӨСТІ?
Reuters-тің жазуынша, Brent маркалы мұнай фьючерстері 6,11 долларға (6,76%) өсіп, баррелі 96,49 долларға жетті. Ал WTI бағасы 6,53 долларға (7,79%) көтеріліп, барреліне 90,38 доллар болды.
Жексенбі күні Дональд Трамп АҚШ әскері блокаданы бұзып өтпек болған Иранның жүк кемесін қолға түсіргенін мәлімдеді. Ал Иран Трамптың әуе соққыларын қайта жаңғыртамыз деген қоқан-лоқысына қарамастан, бейбіт келіссөздердің екінші кезеңіне қатыспайтынын айтты.
АҚШ Иран порттарына қатысты блокаданы сақтап отыр. Ал Иран Ормуз бұғазына енгізілген шектеулерді біресе алып, біресе қайта енгізіп келеді. Соғыс басталғанға дейін шамамен екі ай бұрын бұл бұғаз арқылы әлемдегі мұнайдың бестен бірі тасымалданатын.
САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?
MST Marquee зерттеу бөлімінің басшысы Саул Кавоник мұнай нарығының жағдайына қатысты былай деді:
«Мұнай нарығы әлі де АҚШ пен Иран тарапынан әлеуметтік желілерде жарияланып жатқан құбылмалы мәлімдемелерге тәуелді болып тұр. Ал шын мәнінде, мұнай жеткізілімін тез қалпына келтіру үшін жағдай әлі де күрделі».
Жұма күні екі негізгі келісімшарт та 18 сәуірден бергі ең ірі біркүндік төмендеуді көрсетті. Бұған Иранның атысты тоқтату кезеңінде Ормуз бұғазы барлық коммерциялық кемелер үшін ашық екенін мәлімдеуі және Трамптың Иран енді бұғазды жаппаймыз деп келіскені туралы сөзі әсер еткен.
Алайда Кавониктің айтуынша, «бұғаз ашылды деген хабар тым ерте жасалған».
Оның пікірінше, кеме иелері жарияланған мәліметтердің рас екеніне толық сенім болмайынша, бұл бағытқа қайта баруға асықпайды.
Kpler деректеріне сәйкес, сенбі күні Ормуз бұғазы арқылы мұнай, сұйытылған газ, металл мен тыңайтқыш тасымалдаған 20-дан астам кеме өткен. Бұл – 1 наурыздан бергі ең жоғары көрсеткіш.