20 жылдан кейінгі камбэк: «Дьявол носит Prada 2» жарыққа шықты

Ақлима Джақсыбекова
Фото: BBC News

Лос-Анджелесте «Дьявол носит Prada 2» комедиялық фильмінің алғашқы ресми көрсетілімі өтті. Ал шетелдік прокатқа фильм 1 мамыр күні шыға бастайды. Кино үлкен экранға араға 20 жыл салып қайта оралды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фильм премьерасына басты рөлдерді сомдаған актерлер мен көптеген әлемдік жұлдыздар қатысты. 

Қызыл кілемге Леди Гага, Мерил Стрип және оның қызы Грейс Гаммер күйеуімен бірге, Энн Хэтэуэй, Эмили Блант күйеуі Джон Красинскимен бірге, Стэнли Туччи, сондай-ақ Анна Винтур қызы Би Карроззини және келіні Элизабет Шаффермен бірге шықты. 

Сонымен қатар, Хайди Клум, Коко Роша, Барбара Палвин күйеуі Дилан Спроус-пен бірге, Люси Лью, Джастин Теру және Николь Брайдон Блум сияқты жұлдыздар да қатысты.

43 жастағы Энн Хэтэуэй премьераға қызыл Louis Vuitton көйлегімен келді. Ал оның замандасы Эмили Блант Schiaparelli брендімен шықты. Саундтректі орындаған Леди Гага Saint Laurent киімінде жарқырады.

Фотосурет BBC News-тен алынған

76 жастағы Мерил Стрип Givenchy брендіндегі костюммен көзге түсті. 

Фотосурет BBC News-тен алынған

Бұл премьера сән, кино және шоу-бизнес әлемін біріктірген үлкен оқиғаға айналды.

2-БӨЛІМДЕ КІМДЕР ОЙНАЙДЫ?

«Дьявол носит Prada 2» фильмінің жалғасы көрерменге таныс кейіпкерлерді қайта экранға әкелмек.  Жобаға фильмнің басты жұлдыздары оралып, сонымен бірге жаңа актерлер де қосылған.

Басты кейіпкерлердің бірі Миранда Пристли рөлін Голливуд актрисасы Мерил Стриптің өзі сомдайды. Ол сән әлеміндегі қатал, талапшыл әрі мінсіз талғам иесі ретінде көрермен есінде сақталған. Бұл жоба актрисаның 2021 жылғы «Не смотри вверх» фильмінен кейінгі алғашқы ірі кино проекті болмақ.

Энди Сакс бейнесіне Энн Хэтэуэй қайта оралады. Оның кейіпкері сән индустриясындағы күрделі мансап жолын жалғастырады. Сонымен қатар Эмили рөліндегі Эмили Блант та болады. Оның кейіпкері бұрынғы қатаң ұстанымдарынан бас тартып, жаңа өмірлік бағыт бастайды. 

Стэнли Туччи де Миранданың сенімді серігі Найджелдің рөлін тағы да сомдайды. 

Жаңа актерлік құрамнан Кеннет Брана ерекшеленеді. Ол Миранданың күйеуінің рөлін ойнап, сән әлеміндегі күрделі қарым-қатынастарға тап болады.

Ал бірінші бөлімдегі Энди Сакстың жігіті Нейт рөлін сомдаған Эдриан Гренье сынға ұшырағаннан кейін, бұл жолы фильмге қатыспайды. 

СЮЖЕТ НЕ ТУРАЛЫ?

Жоба Лорен Вайсбергердің «Месть носит Prada» (2013) атты романына негізделгенімен, оның сюжеттік желісі толықтай сол кітаппен шектелмейді.

Жаңа бөлімде басты назар дәстүрлі баспа индустриясының құлдырауы туралы болмақ. Миранда өзгеріп жатқан медианарықта өз орнын сақтап қалуға тырысады.

Фильмде классикалық кейіпкерлердің тағдыры жаңа әлеуметтік және кәсіби өзгерістер аясында қайта өрбиді. Сонымен қатар, жобаға түпнұсқадан бөлек жаңа оқиғалық желілер де енгізілетіні айтылған.