Баян-Өлгейде Қазақстан консулдығы ашылады

Ulysmedia
Фото: Ақорда

Астанада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсух кездесіп, келіссөз жүргізді. Олар экономика, көлік және ортақ жобаларды талқылады. Кездесу соңында бірқатар келісімдерге қол қойылып, алдағы уақытта ынтымақтастықты күшейтуге уағдаласты. Келіссөзде нақты қандай мәселелер қаралғаны және қандай нәтижеге қол жеткізілгені туралы Ulysmedia.kz шолу жасады. 

«БАУЫРЛАС ХАЛЫҚТАР» ЖӘНЕ САЯСИ РИТОРИКА 
Бүгін тараптар екіжақты қарым-қатынастың барлық бағыты бойынша мазмұнды әрі нәтижелі келіссөздер жүргізді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзін ортақ тарих, көшпелі өркениет жайлы бастады.

Біздің тарихымыз бен тамырымыз – ортақ. Екі ел де көшпенділер өркениеті мен «киіз үйлер» мәдениетінің мұрагері саналады. Қос халықтың болмысы мен рухани дүниесі, өмір салты мен әдет-ғұрпы – үндес. Сондықтан біз әрдайым бір-бірімізге тілектес болып, жетістіктерімізге шынайы қуанамыз. Соңғы жылдары Қазақстан мен Моңғолияның қарым-қатынасы тың қарқынмен дамып келе жатыр. Осыдан бір жарым жыл бұрын Моңғолияға мемлекеттік сапармен барғанымды білесіздер,– деді президент. 

Хүрэлсүх те осы пікірді қолдап, Қазақстанның Моңғолия үшін Орталық Азиядағы негізгі серіктес екенін атап өтті.

Қазақстан – Моңғолия стратегиялық әріптестік орнатқан Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет. Соңғы екі жылда біз өзара ықпалдастықты жаңа деңгейге көтере алдық,– деді Моңғолия президенті. 

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӘЛЕУЕТ ЖОҒАРЫ
Қазіргі таңда екі ел арасындағы тауар айналымы 130 млн долларды құрайды. Бұл көрсеткішті 500 млн долларға дейін жеткізу жоспарланып отыр. 

Кездесу қорытындысында көшбасшылар сауда көлемін арттыру және жаңа жобаларды іске қосу жоспарларын растады. Энергетика, қаржы, ғылым және медиа салаларын қамтитын меморандумдар пакеті қабылданды.

Тау-кен өндірісі саласында Қазақстан геологиялық барлау бойынша технология мен тәжірибе ұсынуда. Бұл бағыт Моңғолия үшін маңызды, себебі ел пайдалы қазбаларды өндіруді белсенді түрде дамытып жатыр.

Сондай-ақ мұнай саласы мен шикізатты өңдеу бағытындағы ынтымақтастық мәселелері де жеке қарастырылуда.

ҰЛАН-БАТЫРДА ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖОО АШЫЛАДЫ

Аграрлық салада негізгі басымдық мал шаруашылығына берілді. Қазақстан ветеринарлық вакциналар жеткізуге дайын екенін білдіріп, Моңғолия аумағында бірлескен өндіріс ашу мүмкіндігін қарастырып отыр. Сонымен қатар, өнім қауіпсіздігінің стандарттары талқылануда – бұл сыртқы нарықтарға шығуға жол ашады.

Цифрландыру бағытында технология трансфері мен мамандарды оқыту мәселелері көтерілді. Қазақстан Жерді қашықтан зондтау жүйелерін құруға және цифрлық инфрақұрылымды дамытуға көмек ұсынуда.

Білім беру саласында да нақты келісімдер бар. Қазақстан моңғолиялық студенттерге бөлінетін гранттар санын арттыруды жоспарлап отыр. Бұған қоса, Ұлан-Батыр қаласында қазақстандық жоғары оқу орнының филиалын ашу мүмкіндігі қарастырылуда.

Көлік және логистика мәселесінде қазіргі таңда Қазақстан мен Моңғолия арасында тікелей құрлық жолының жоқтығы атап өтілді. Осыған байланысты тараптар жаңа автожол салу жобасын пысықтауға ниетті. Бұл магистраль екі елді көршілес мемлекеттер аумағы арқылы байланыстыруы тиіс. Жобаны жүзеге асыру үшін арнайы үкіметаралық жұмыс тобы құрылуда. Ол жоба құнын есептеп, бағытты келісіп, транзиттік елдермен келіссөз жүргізетін болады.

Біз Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында Қазақстанның консулдық мекемесін ашу туралы өзара келісімге келдік. Мұны, шын мәнінде, бауырлас әрі тарихы тамырлас елдеріміздің арасындағы стратегиялық серіктестік рухына сай келетін маңызды қадам деп айтуға толық негіз бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар тараптар әуе қатынасын жандандыруға келісті. Қазір Алматы – Ұлан-Батыр бағыты бойынша рейстер бар, енді Астана мен Ұлан-Батыр арасындағы тікелей әуе қатынасын қайта іске қосу жоспарлануда.

Бұдан бөлек, Өскемен – Өлгей бағыты бойынша жаңа маршрут ашу келісілді. Бұл өңірде қазақ диаспорасы көп шоғырланған.

Негізгі мақсат – үшінші елдер арқылы күрделі логистиканы айналып өтпей, адамдар мен бизнес үшін қатынасты жеңілдету.