Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың бауыры Рахат Тұрлыхановқа қатысты қылмыстық іс тоқтатылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ІС НЕГЕ ТОҚТАТЫЛДЫ?
Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, Медеу аудандық полиция басқармасы Тұрлыхановқа қатысты қылмыстық іс қозғаған. Алайда оның жұбайы шағымын қайтарып алып, тергеу амалдарына әрі қарай қатысудан бас тартыпты.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында оқиғаның мән-жайы анықталып, қажетті материалдар жинақталды. Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес барлық тиісті процессуалдық әрекеттер жүргізілді.Сонымен қатар, арызданушы өз талап-шағымдарынан бас тартып, істі қарауға одан әрі қатысудан бас тартуына байланысты қылмыстық іс заңды негізде тоқтатылды», – дейді полициядағылар.
Департамент отбасылық-тұрмыстық сипаттағы әрбір жанжал бойынша азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған тиісті шаралар қабылданатынын атап өтті.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
15 наурызда Рахат Тұрлыхановтың әйелімен жанжалдасқаны жайлы ақпарат тарады. Бұл әншінің үйіндегі жұртқа мәлім болған үшінші жанжал.
Тұрлыханов әйеліне тіл тигізіп, қоқан-лоқы көрсеткен, айғайлап, үйдегі тыныштықты бұзған.
Шағымданушы А.Ілияс сот отырысы барысында жанжал болғанын растады, ұрып-соқпағанын жеткізді. Тұрлыханов әйелінің сөзін жоққа шығарған жоқ, тек істі тоқтатуды сұраған.
Еске салайық, Тұрлыхановтың үстінен 2023 жылдың 23 қазанында әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-2-бабы (ұрып-соғу) негізінде қозғалған іс те тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылған.