Арал апаты Каспийге сабақ болуы тиіс: Шекаралас елдер тәжірибесі

Ақлима Джақсыбекова
Ulysmedia.kz

РЭС-2026 аясында Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі ДДСҰ-мен бірге «Болашақ ұрпақты қорғау: денсаулық пен экология» тақырыбында сессия өткізді. Сессияда Каспий теңізі мен Арал теңізі бассейндеріндегі экологиялық өзгерістер мен шешімдерін талқылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұған дейін, өңірлік экологиялық саммит барысында Қасым-Жомарт Тоқаев  Арал теңізі мәселесіне ерекше назар аударды.

Мемлекет басшысының айтуынша, бұл мәселе Қазақстан үшін де, бүкіл Орталық Азия өңірі үшін де аса маңызды. 

- «Біздің болашағымыз осы өмірлік маңызды ресурсты ұтымды әрі әділ басқаруға байланысты. Арал теңізі әлі күнге дейін дұрыс жүргізілмеген саясаттың салдарын және ғылыми негізделген батыл әрекеттер арқылы қандай нәтижеге қол жеткізуге болатынын көрсетіп отыр. Бүгінгі күнге дейін Солтүстік Арал теңізінің шамамен 36 пайызы қалпына келтірілді. Бұл су сапасының жақсаруына, балық қорының көбеюіне және жергілікті халықтың өмір сүру деңгейінің артуына ықпал етті», – деді Тоқаев.

Экология мен денсаулыққа қауіп

Пан-Еуропалық климат пен денсаулық жөніндегі комиссия төрайымы Катрин Якобсдоттир Арал теңізін өз көзімін көріп келгенін жеткізді. Оның айтуынша, Арал теңізі соңғы онжылдықтарда көлемінің шамамен 90 пайызын жоғалтқан. 

- «Бұрын теңіз болған жер қазір шөл. Оның шаңында пестицидтер мен ауыр металдар бар», – деді Катрин Якобсдоттир.

Ол соңғы 54 жылда Аралдың бұрынғы көлемінен тек  шамамен 10 пайызы қалғанын айтты.  

- «Теңіз түбі құрғап, шамамен 68 мың шаршы шақырым аумақ тұз, пестицидтер және ауыр металдар аралас ұсақ шаңмен жабылған. Бұл жағдай аймақтағы халық денсаулығына ауыр зардап әкелген», - дейді денсаулық жөніндегі комиссия төрайымы.

Атап айтқанда,  тыныс алу аурулары, анемия және басқа да дерттер көбейген.

Якобсдоттир мәліметінше, қазір Қазақстан мен Өзбекстанда сексеуіл отырғызу арқылы 1,7 миллион гектар жерді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

Арал тәжірибесі Каспий үшін сабақ болуы тиіс

Әзербайжанның денсаулық сақтау министрі Теймур Мусаев Арал теңізінің мәселесіне тоқтала отырып, Каспий өңірі үшін маңызды ескерту айтты.

- «Арал мен Каспий теңіздерінің мәселесі, бұл  ішкі су айдындары, және олар экологиялық тұрғыдан ең осал жүйелердің бірі деп айтуға болады. Қазіргі өнеркәсіптік қысымның салдары болашақ ұрпақтың өміріне де ауыр әсер етуі мүмкін», - дейді Теймур Мусаев. 

Осыған байланысты Әзербайжан бірнеше нақты бағытқа басымдық беріп отыр. 

Министрдің айтуынша, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті (ПМСК) дамыту – негізгі құралдардың бірі. Бұл үшін жаңа медициналық орталықтар ашылып, мамандарды даярлау күшейтілуде.

Сонымен қатар, Әзербайжан жағалау аймақтарында табиғи парктер жүйесін дамытып жатыр. Қазірдің өзінде елде бірнеше табиғи парк жұмыс істеп, экожүйелерді қорғаудың тиімді тетігіне айналған.

Білім беру бағыты да назардан тыс қалмаған.

- «Сонымен қатар, бұл бағытта арнайы білім беру бағдарламалары да әзірленіп жатыр. “Білім беру бағдарламалары” дегенде біз тек мектептен бастап университет аудиторияларына дейінгі жүйені ғана емес, жалпы халықты қамтитын оқыту мен ақпараттандыру бағдарламалары да бар», – деді министр.

Сондай-ақ, Теймур Мусаев  Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қолдауымен елдер арасында ортақ зерттеу платформасын құруды ұсынды.

Су ресурстарын қорғау

Тәжікстан Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрі Джамолиддин Абдуллозода елдің Арал бассейнінің елдеріне кірмесе де, өңірмен климаттық және гидрологиялық тұрғыдан тығыз байланысты екенін атап өтті.

Сөзінше, ел аумағында қалыптасатын су ресурстары Орталық Азия үшін стратегиялық маңызға ие.

- «Орталық Азиядағы су ресурстарының 60%-ға дейінгі бөлігі біздің елдегі мұздықтар мен таулы экожүйелерден қалыптасады», – деді ол.

Осыған байланысты мұздықтардың тез еруі су және азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіретін фактор ретінде көрсетілді. 

Тәжікстан БҰҰ аясында су ресурстарын қорғауға бағытталған бірнеше жаһандық бастаманы ілгерілетіп келеді.

Оның айтуынша, экологиялық және медициналық мәселелерді бөлек қарастыру мүмкін емес. Бұл жерде «Бір денсаулық» (One Health) тұжырымдамасы маңызды рөл атқарады.

Министр, сондай-ақ, кез келген экологиялық бастаманың тиімді болуы үшін қаржыландыру тұрақты әрі жеткілікті болуы керектігін атап өтті.

Ортақ мәселе - ортақ әрекет

Қырғызстан Денсаулық сақтау министрі Дамирбек Осмонов Орталық Азиядағы экологиялық өзгерістердің әсеріне баға беріп, әсіресе таулы аймақтардың осалдығына назар аударды.

Оның айтуынша, Қырғызстан аумағының басым бөлігі таулы болғандықтан, климаттық өзгерістердің әсері, әсіресе мұздықтардың еруі, су ресурстары мен халық денсаулығына елеулі қауіп төндіреді.

- «Таулар біздің елдердің көпшілігінде бар. Біздің аумағымыздың 90 пайызы таулардан тұрады. Сондықтан мұздықтардың еруі сияқты табиғи қауіптер біз үшін өте өзекті», – деді министр.

Осмонов Арал теңізі тәжірибесінен үш негізгі сабақ алынғанын атап өтті.

Біріншісі – географиялық ерекшеліктерді ескеру қажеттілігі, әсіресе шалғай аймақтарда мобильді медициналық қызметтерді дамыту. Екіншісі – ауа мен су сапасының маңыздылығы. Үшіншісі – өңірлік ынтымақтастықтың маңызы. Сондықтан айтылған ұсыныстарды қолға алып,  ортақ  әрекет қабылдауға шақырды.