Көзбояушылық!: Баспагер кітап көрмесін қатаң сынап тастады

Ақлима Джақсыбекова
Фото: istockphoto

Ұлттық кітап күніне орай өтіп жатқан көрмені баспагер Баян Хасанова сынап тастады, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Еске салайық, бүгін елордада «Astana Eurasian Book Fair – 2026» халықаралық кітап көрмесі өтіп жатыр.

КӨРМЕГЕ НЕГЕ ҚАТЫСПАДЫ? 

Баспагер өз жазбасында көрмеге қатыспау туралы шешім екі себепке байланысты қабылдағанын түсіндіреді. 

«Алқа баспасы” атынан Astana Eurasian book fair-2026 шарасына қатыспауға шешім қабылдап қойып едік. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, басқа қалаға бару керек. Ол уақыт пен қаржы ресурсын қажет етеді. Жүріп-тұрғаның, жол, жатын орны - бәрі өз қалтаңнан төленеді», - делінген Facebook жазбасында

Баян Хасанова алдында «Алқа баспасы» атынан екі адам болып «Ұлттық кітап» бәйгесіне қатысқанын айтады. Оның сөзінше, көрмедеде тұру үшін баспаларға орын сатылған. Бір шаршы метрі 100 доллар. Ал бір баспа кем дегенде 6-9 шаршы метр орын алады, дейді ол. 

Осындай жағдайда кітап бағасын төмендету қиынға соғатынын және мемлекет тарапынан қолдау жеткіліксіздігін атап өтті. 

КІТАП ӨТПЕЙДІ

Баспагер 140 мыңға билет алып, келгесін кітап сатып өтеп аламын деп ойлаған. Алайда сатып алушылар болмаған. Қайту билеті де сонша сомаға шыққан.  

«Біз мемлекеттен қолдау сұрамаймыз. Сұраған да емеспіз. Өйткені біздің “әйелдерді қолдау” туралы идеямыз көп адамға ұнамайтынын білеміз. Білсек те, идеямызға адал болып, қазақ қыздарына кітап оқытуға тырысып-ақ жүрміз. Қолдамаса да, зиянын тигізбесе екен дейміз. Сонда құзырлы мекемелердің бұл әрекеті – зиян емей не?», - деді ол.

Сондай-ақ, жазбада көрменің аудиториясы мен ұйымдастыру сапасына қатысты сын айтылған. 

«Алайда жыл сайын қайталанатындай, автобуспен мектеп оқушыларын төгіп жатыр. Оқушыларда ақша қайдан болсын?! Олар кітап сатып алмайды. Тіпті не істеп жүргенін өздері білмейді. Кітап алатын оқырман жоқ мұнда! Көзбояушылық», - деді Хасанова. 

КӨЗБОЯУШЫЛЫҚ

Скрин

Соңында ол мемлекеттік қолдау тақырыбына да тоқталып, басты мәселе ретінде жүйедегі ашықтық пен шынайылықтың жетіспеушілігін атаған.

«Жоғарыдағы проблема - үнсіздік, көзбояушылық, жалған дақпырт “оқитын ұлт” болғысы келетін қоғам үшін тіптен ұят нәрсе», - дейді баспагер. 

Қазіргі уақытта бұл жазба әлеуметтік желілерде талқыланып, кітап индустриясындағы көрме форматы мен шағын баспалардың жағдайы туралы пікірталас тудырып отыр. Пікір қалдырушылардың бірі, оқиғаның жылда қайталанатынын, мемлекет тарапынан еш өзгеріс енгізу болмаған айтты.