Ақтөбеде 13 жастағы оқушы сабаққа бармай, қорада асылып қалды

Ulysmedia
Фото: ашық дереккөзден

Қайғылы оқиға Кеңқияқ ауылында болды. Сол күні сабаққа бармай қалған оқушының денесі қорадан табылды. Тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

 

Ақтөбе облысының Темір ауданы Кеңқияқ ауылында мектеп оқушысы суицид жасады. Оқиға 21 сәуір күні түнде болды. Ата-анасы ұлдарының денесін сағат 24:00 шамасында қорадан тапты. Марқұмы жер қойнына 23 cәуір тапсырылды.

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

Жасөспірім сабаққа түстен кейінгі уақытта барады. Мектепте мұғалім болып істейтін анасы ұлы өзінен кейін шығады деп ойлаған. Ұлының ұстазы баласын сұраған кезде ғана оның сабаққа келмегенін білген. 

Әрі қарай ата-анасы, мектеп ұжымы баланы іздей бастайды. Оқушы өліміне қатысты буллинг күдігі болуы мүмкін бе, оны тергеу кезінде анықтайтын болады. 

Нақты себебін айту қиын. Бірдеңе алып бермеді деп ренжіген болуы да мүмкін. Комиссия жұмыс істеп жатыр. Анкетадағы жауаптар тексерілді. “Мектепте буллинг бар ма?” деген сұраққа “жоқ деп айта алмаймын” деген жауап болған. Сол күні сынып жетекшісі сағат 2:15-те баланың телефонына хабарласады. Әкесі көтеріп, баласының сабаққа кеткенін айтқан. Содан кейін ғана жан-жақтан іздейді. Қорада тұрады деп ешкім ойламаған,– деді Темір ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Нұралы. 

ТЕМІР АУДАНЫНДАҒЫ БІРІНШІ ОҚИҒА ЕМЕС

Әкімдік мәліметіне сүйенсек, денесі табылған оқушы толыққанды отбасынан. Әкесі мұнайшы, анасы мектепте мұғалім. Әжесі бар. Төрт баланың екіншісі. Оқушының қоғамдық өмірге белсене араласқаны, спорттық шараларда көзге түскені айтылады. Соңғы уақытта ат спортына әуестеніп жүрген. 

Полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Жан-жақты тексеру жүріп жатыр. Білім беру ұйымы тарапынан ішкі қызметтік тексеріс басталды. 

Темір аудандық білім бөлімінің мәліметінше,  бала құқықтарын қорғау басқармасы, бала құқықтары жөніндегі уәкіл, мектеп әкімшілігі мен педагогикалық ұжым оқушылардың қауіпсіздігі мен психологиялық жағдайына қосымша назар аударды.  Қолдау шараларын күшейтіп жатыр.

Айта кетейік, осыған дейін Темір ауданының Қопа ауылында буллинг тіркелді. 14 жастағы жасөспірімді ұрып өлтірді деп айыпталған 3 оқушы 6,8 жылға сотталды.

Авторы: Ардақ Ерубаева