АҚШ пен Израиль Иранды «тас дәуіріне қайтаруға» дайын отыр

Анар Лепесова
Фото: freepik.com

Егер уақытша бітім бұзылса, АҚШ Иранға соққы беру жоспарын жүзеге асыруға дайын. Ең алдымен әскери күштер Ормуз бұғазы маңындағы нысандарға соққы жасамақ. Сонымен қатар Трамп бұрын айтқан Иранның энергетикалық инфрақұрылымын жою қаупі де күн тәртібінен түспеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚАНДАЙ НЫСАНДАР НЫСАНАҒА АЙНАЛАДЫ?

CNN мәліметінше,  АҚШ-тың әскери шенеуніктері қазіргі атысты тоқтату келісімі бұзылған жағдайда Иран нысандарына соққы берудің жаңа нұсқаларын әзірлеуде. Бұл туралы арна бірнеше америкалық дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.

Дереккөздердің айтуынша, негізгі назар Ормуз бұғазы маңы, Парсы шығанағының оңтүстігі мен Оман шығанағындағы ирандық нысандар «жедел нысанаға алынбақ». Яғни, Тегеран маңызды теңіз жолдарын бұғаттау үшін пайдаланатын жылдам катерлерге, минатаратқыштарға және басқа да құралдарға соққы беру қарастырылып отыр.

Алғашында АҚШ-тың әуе соққылары бұғаздан алыс аймақтарға бағытталған еді. Алайда жаңа жоспарлар стратегиялық маңызы бар су жолдарының маңына шоғырланған ауқымды операцияны көздейді. Арна мәліметінше, Иранның көптеген зымыран кешендері мен шағын теңіз кемелері әлі де жарамды күйде, бұл бұғазды толық ашуды қиындатады.

«Егер Иранның әскери әлеуеті толық жойылғанын нақты дәлелдей алмасаңыз, бәрі президенттің тәуекелге қаншалықты баруға дайын екеніне байланысты болады», - деді жоспармен таныс дереккөз.

Сондай-ақ АҚШ Трамптың бастапқы қоқан-лоққыларына қайта оралып, Тегеранды келіссөзге мәжбүрлеу үшін Иранның энергетикалық инфрақұрылымына соққы беруі мүмкін. Тағы бір ықтимал нұсқа – келіссөзге қарсы тұрған әскери жетекшілерге, соның ішінде Ахмад Вахиди секілді тұлғаларға шабуыл.

АҚШ Қорғаныс министрлігінің өкілі: «Әскерилер президентке түрлі әрекет нұсқаларын ұсынып отыр, барлық сценарий әлі де қарастырылуда», – деп мәлімдеген.

ҚАРУ-ЖАРАҚ ҚОРЫНЫҢ САРҚЫЛУЫ

Сарапшылар Иранмен соғыс АҚШ-тың Ресей мен Қытайға қарсы дайындық деңгейін төмендеткенін айтады.  The New York Times мәліметінше, қару-жарақ қоры азайғандықтан Пентагон Азия мен Еуропадағы оқ-дәрілерді Таяу Шығысқа ауыстыруға мәжбүр болған.

Соғыс басталғалы АҚШ шамамен 1 100 дана JASSM-ER қанатты зымыранын жұмсаған (әрқайсысы шамамен 1 млн доллар). Қазіргі таңда олардың саны шамамен 1 500 дана. Сонымен қатар 1 000-нан астам Tomahawk зымыраны қолданылған, бұл бір жылдық сатып алу көлемінен шамамен 10 есе көп.

фото: asdnews.com

Пентагон 1 200-ден астам Patriot зымыранға қарсы жүйесін (әрқайсысы 4 млн доллардан асады), сондай-ақ 1 000-нан астам Precision Strike және ATACMS зымырандарын пайдаланған. 2025 жылы Patriot өндірісі шамамен 600 дана деп бағаланып отыр.

Басылымнығ жазуынша, қосымша қаржыландыру Конгресс тарапынан мақұлданбайынша, Пентагон өндірісті ұлғайта алмайды. Lockheed Martin компаниясымен өндірісті төрт есе арттыру жөнінде келісім жасалғанымен, нақты қаржыландыру әлі бөлінбеген.

Соғыс НАТО-ның шығыс қанаты үшін маңызды қорларды да азайтқан. Барлау және соққы жасайтын дрондардың жоғалуы, сондай-ақ оқу-жаттығулардың қысқаруы одақтастарды қорғау қабілетіне кері әсер етуде.

ИЗРАИЛЬДІҢ ҰСТАНЫМЫ

Ал Израиль Иранмен соғысты қайта бастауға дайын екенін мәлімдеді. Елдің қорғаныс министрі Исраэль Кац АҚШ-тың рұқсатын күтіп отырғандарын айтты.

Оның сөзінше, Иранды «тас дәуіріне қайтару» үшін энергетикалық нысандар мен экономикалық инфрақұрылымды жою жоспарланып отыр.

The Times of Israel келтірген мәліметке сәйкес, Израиль ең алдымен Хаменеи әулетін толық жою үшін АҚШ-тың мақұлдауын күтуде.

ИРАН БИЛІГІНІҢ БІРЛЕСКЕН МӘЛІМДЕМЕСІ

The Wall Street Journal дерегінше, бұған дейін Ормуз бұғазы мәселесіне байланысты Иран ішінде келіспеушіліктер байқалған. Қатаң бағытты ұстанатын топтар, әсіресе, Ислам революциясының сақшылары корпусы кейбір шешімдерге қарсы шыққан.

Сондай-ақ, Reuters агенттігі наурыз айының басында жоғарғы көшбасшы Әли Хаменеи қаза тапқаннан кейін элита арасында келіспеушілік туындағанын жазған.

Иранның жоғары лауазымды тұлғалары БАҚ-тың және Трамптың ел ішінде алауыздық бар деген пікірлерін жоққа шығарып, бірлескен мәлімдеме жасады.

фото: siasat.com

Президент Масуд Пезешкиан, парламент спикері Мохаммад Багер Галибаф және Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи жариялаған үндеуде елде «радикалдар мен реформаторлар» деген бөлініс жоқ екені айтылған.

«Біз бәріміз  ирандықпыз және революция жолындағы адамдармыз. Ұлт пен биліктің темірдей бірлігінің арқасында агрессор өз ісіне өкінетін болады», – делінген мәлімдемеде.

СІМ басшысы Арагчи дипломатия мен әскери әрекет бір мақсатқа жұмыс істейтінін атап өтті: «Майдан мен дипломатия – бір соғыстың өзара үйлескен екі бағыты».

КЕЛІССӨЗДЕРДІҢ ТОҚЫРАУЫ

8 сәуірде АҚШ пен Иран екі аптаға атысты тоқтату туралы келісімге келген еді. 21 сәуірде Трамп бітімді ұзарту туралы жаңа бұйрық бергенін мәлімдеді.

22 сәуірде тараптар кездесіп, бейбіт келісімді талқылауы тиіс болған. Алайда Tasnim мәліметінше, Тегеран Пәкістан арқылы Вашингтонға келіссөзден бас тартатынын жеткізген. Себебі оны «уақытты босқа жоғалту» деп бағалаған.

Трамп кейін тараптар 36–72 сағат ішінде қайта кездесуі мүмкін екенін айтқанымен, Иранды келісімге келуге асықтырмайтынын мәлімдеді.

Ynet дерегінше, АҚШ президенті бітімді 26 сәуірге дейін ұзартқан. Алайда бұл ақпаратты Ақ үй ресми түрде растаған жоқ.