Әлемде 266 млн адам аштыққа ұшыраған

Анар Лепесова
фото: tehrantimes.com

2026 жылғы Азық-түлік дағдарыстары жөніндегі жаһандық есеп (GRFC) дерегі бойынша әлемде аштыққа ұшырағандар саны 2016 жылғы 108 миллионнан 2025 жылы 265,7 миллионға дейін өскен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

АШТЫҚ ЖАЙЛАҒАН ӨҢІРЛЕР

Ашаршылық екі өңірде – Газа секторы аумағында және Суданда ресми түрде тіркелді. Ашаршылықты жүйелі есепке алу басталғалы бері алғаш рет екі өңірде қатар расталып отыр.

18 гуманитарлық және даму ұйымы әзірлеген баяндамаға сәйкес, 2025 жылы да жедел азық-түлік тапшылығының таралу аймағы қысқармаған.

Азық-түлік дағдарысы бар 47 елде халықтың 22,9 пайызы, яғни шамамен 266 миллион адам аштыққа ұшыраған. 2024 жылмен салыстырғанда аз ғана өсім болғанымен, 2016 жылғы көрсеткіштен (11,3%) екі еседей көп.

2020 жылдан бері аштыққа ұшырағандардың үлесі 20 пайыздан төмен түспей келеді. Жалпы саны 2016 жылғы 108 миллионнан 2025 жылы 265,7 миллионға дейін өскен (ең жоғары көрсеткіш 2023 жылы – 281,6 миллион).

Сарапшылар көрсеткіштің сәл төмендеуін нақты жағдайдың жақсарғанымен емес, зерттелген елдер санының 53-тен 47-ге қысқаруымен байланыстырады.

АШАРШЫЛЫҚ, АПАТ ЖӘНЕ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ

Ашаршылық – IPC жүйесі бойынша ең ауыр деңгей. 2025 жылы ол Газа секторы мен Суданның кей бөліктерінде тіркелді. Сонымен қатар қауіп Оңтүстік Суданда сақталып, 2026 жылға ұласуы мүмкін.

IPC өлшемдері бойынша ашаршылық деп:

– үй шаруашылықтарының кемінде 20 пайызы қатты азық тапшылығын көрсе;
– халықтың 30 пайыздан астамы жедел дұрыс тамақтанбаудан зардап шексе;
– аштықтан болатын өлім-жітім тәулігіне 10 мың адамға шаққанда 2-ден асса айтылады.

Алты ел мен аумақта 1,4 миллион адам «апатты жағдай» деңгейінде өмір сүрген. Бұл – 2016 жылмен салыстырғанда тоғыз еседен астам өсім.

Ең ауыр жағдай Газа секторы аумағында: 640,7 мың адам (халықтың 32 пайызы) ашаршылық шегінде. Одан кейін Судан – 637,2 мың адам.

Бұдан бөлек, жекелеген топтар арасында аса ауыр азық тапшылығы мына елдерде тіркелген:

Оңтүстік Судан – 83,5 мың адам,
Йемен – 41,2 мың,
Гаити – 8,4 мың,
Мали – 2,6 мың.

Тағы 32 елде 39 миллионнан астам адам «төтенше жағдай» деңгейінде күн кешіп отыр.

АШТЫҚТЫҢ НЕГІЗГІ СЕБЕБІ – СОҒЫС

19 елде 147,4 миллион адамның аштыққа ұшырауына соғыс пен зорлық-зомбылық тікелей себеп болған. Бұл – әлемдегі аштыққа душар болғандардың жартысынан астамы.

фото: who.int

Ауа райының қолайсыздығы 16 елде 87,5 миллион адамға әсер етсе, экономикалық күйзелістер 12 елде 29,8 миллион адамды қамтыған.

Сонымен қатар 2025 жылы азық-түлік дағдарысы бар өңірлерге бөлінетін қаржы азайып, 2016–2017 жылдар деңгейіне дейін түскен.

2026 жылға қатысты деректер де көңіл көншітпейді. Әсіресе Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюі жаһандық азық-түлік пен ауыл шаруашылығы нарығына қосымша қауіп төндіруі мүмкін.

ДҰРЫС ТАМАҚТАНБАЙ ӨСІП ЖАТҚАН ҰРПАҚ

2025 жылы 23 елде 35,5 миллион бала жедел дұрыс тамақтанбаудан зардап шеккен. Оның ішінде 10 миллионға жуығы – аса ауыр жағдайда.

фото: sputniknews.ru

Мамандардың есебінше, тағы 25,7 миллион бала орташа деңгейдегі дұрыс тамақтанбауға ұшыраған. Сонымен бірге 21 елде 9,2 миллион жүкті және бала емізетін әйел жеткіліксіз тамақтанған.

КӨШІП-ҚОНУ

Азық-түлік дағдарысы бар 46 елде мәжбүрлі қоныс аударғандар саны 2025 жылы 85,1 миллионға жеткен.

Оның 62,6 миллионы – ел ішінде орын ауыстырғандар, ал 22,5 миллионы – босқындар мен баспана іздеушілер.

Сарапшылар аштықтың негізгі себептері жойылмаса, ең әлсіз елдер 2026 жылы да көп адамынан айырылуы мүмкін екенін айтады.