Баспанасы мен ақшасынан айырылған қарт профессор: Полиция мәлімдеме жасады

Ulysmedia
qumash.kz

88 жастағы Марат Ишанқұлов бұған дейін президентке үндеу жасап,тергеу барысына араласуды сұраған болатын.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті профессоры, география ғылымдарының докторы алаяқтардың құрбаны болып, пәтері мен жинаған қаражатынан айырылған. Кейін оған ақша қайтарылғанымен, қаражат тағы да жоғалып кеткен.

Ишанқұловтың айтуынша, ақшаны астаналық полицейлер ұсынған заңгер алып кеткен.

Полиция не дейді?

Астана қалалық полиция департаменті Qumash.kz редакциясына бұл оқиға 2025 жылы болғанын хабарлаған.

Полицияның мәліметінше, профессор интернет-алаяқтардың құрбаны болып, пәтерін сатудан түскен ақшаны қаскөйлерге аударып жіберген.

– Жедел іс-шаралардың нәтижесінде полиция қызметкерлері алаяқтық әрекетті дер кезінде тоқтатып, зейнеткерге ұрланған барлық ақшаны қайтарды. Ал оның мүддесін қорғаған заңгердің ықтимал заңсыз әрекеттері туралы арызы бойынша «Байқоңыр» аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады, – деп мәлімдеді құқық қорғау органдары.

Қазір тараптардың уәждері сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында тексеріліп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады.

Контекст

Ишанқұловтың студенттерінің айтуынша, профессор бірнеше алаяқтық схемасының құрбаны болған болуы мүмкін.

Пәтерін сатудан түскен және алаяқтар қолды еткен 71 мың доллар қайтарылғаннан кейін басқа да күмәнді мәселелер анықталған. Қазір бұл жағдай профессордың әріптестері мен студенттерінің арасында көптеген сұрақ туғызып отыр.