Қазақстандық саясаткер Азаматхан Әміртаев Ресей шекарасынан еш түсіндірмесіз кері қайтарылды. Саясаттанушы Ғазиз Әбішев бұл жағдайды жай ғана кедендік бақылаудағы кездейсоқ оқиға емес, елдер арасындағы саяси диалогтың жай-күйін аңғартатын көрсеткіш деп бағалайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
САРАПШЫ НЕ ДЕЙДІ?
Маманның айтуынша, Әміртаевтың кім екеніне қарасақ, оны елге кіргізбеу шешімі түсініксіз көрінеді. Азаматхан Әміртаев — радикал саясаткер емес, ресми тіркелген партияның жетекшісі, парламенттік саясатқа қатысуды көздеп жүрген тұлға әрі тақырыптық іс-шараға қатысу үшін барған.
– Тағы да қайталап айтайын: ешқандай радикал көзқарасымен ерекшеленбейтін қазақ саясаткері, тіркелген партияның көшбасшысы, парламенттен орын алуға ниеті бар. Өзін «қоршауда қалған қамалдай» сезінетін Ресейге бара жатыр. Мақсаты – заңды ресейлік партиялардың съезіне, экология тақырыбындағы жиынға қатысу. Ал оған «ары кет, мұнда саған орын жоқ» деп жауап береді. Сосын Қазақстанда Ресейге деген көзқарас дұрыс емес, оған оң қарайтын саяси күштер жоқ деген әңгіме айтылады, – дейді Ғазиз Әбішев.
РЕСМИ ТҮСІНІКТЕМЕ ЖОҚ
Азаматхан Әміртаевтің айтуынша, ол 24 сәуірде ресейлік «жасылдар» партиясының шақыруымен Астанадан Мәскеуге ұшпақ болған. Алдымен оны ресейлік әуе компаниясының рейсіне белгісіз бір тізімге байланысты кіргізбеген. Кейін Ресей тарапы мәселе жоқ екенін айтып, басқа рейспен ұша алатынын хабарлаған.
Ол SCAT әуе компаниясының ұшағымен жолға шыққанымен, жағдай тағы да қиындаған: ұшақ бірнеше рет қону әуежайын өзгерткен, ал Мәскеуге жеткен соң саясаткер қосымша тексеріске жіберілген. Түнгі сағат 3-тен таңғы 9-ға дейін ол еш түсініктемесіз күту аймағында отырған. Кейін оған құжатқа қол қою ұсынылып, Қазақстанға кері жіберілетіні хабарланған. Себебі айтылмаған.
Саясаткер өзінің ресми шақырумен келгенін, ешқандай заң бұзбағанын атап өтті.
– Өкінішке қарай, диалогтың да шекарасы бар екен. Мұндай жабықтық (себебін түсіндірмеу) орынсыз деп есептеймін және ресми түсініктеме қажет. Біз есік жабудың емес, көпір салудың жолын ұстануымыз керек. Бұл туралы жазайын ба, жоқ па деп ойландым. Бірақ жазу керек деп шештім. Өйткені халықтар арасындағы достық, партиялар мен азаматтық қоғам арасындағы ынтымақтастық ешқандай кедергіге тап болмауы тиіс, – деп жазды «Байтақ» партиясының жетекшісі әлеуметтік желіде.