Перизат Қайраттың танысы: Астанада құрылыс компаниясының басшысы тергеліп жатыр

Ulysmedia
Коллаж Ulysmedia

Астанада аса ірі көлемдегі алаяқтық дерегі бойынша ММ Group құрылыс компаниясының басшысы Мөлдір Сүйіншәліге қатысты тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚҰРЫЛЫС АЯҚТАЛМАҒАН

Қаржы мониторингі агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті 2021-2024 жылдар аралығында Nura Elite коттедж қалашығы жобасы аясында азаматтардан заңсыз қаражат тарту фактісін тексеруде. Тергеу мәліметінше, жоба бойынша 37 коттедж бен 24 таунхаус салу жоспарланған. Алайда нысандар толық аяқталмаған: таунхаустардың тек қаңқалары ғана тұр, ал 2023 жылдың төртінші тоқсанына дейін тапсыру міндеттемелері орындалмаған.

Алдын ала сатып алу-сату шарттарын жасаған 56 адам жәбірленуші ретінде танылған. Тартылған қаражаттың жалпы көлемі 3,9 млрд теңгені құрайды.

БІР МҮЛІКТІ БІРНЕШЕ РЕТ САТҚАН

Тергеу барысында 322 млн теңге күдікті Мөлдір Сүйіншәлі, оның жұбайы мен анасының есепшоттарына аударылғаны анықталған. Бұдан бөлек, 145 млн теңге қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Сондай-ақ бір жылжымайтын мүлікті бірнеше рет сату дерегі тіркелген. Мәселен, толық төленген коттедждердің бірі күдікті тарапынан кепілге қойылып, кейін үшінші тұлғаларға рәсімделіп, бірнеше рет қайта сатылған.

Құжаттарға сәйкес, сатып алушылармен жер учаскелеріне құқық беруді көздейтін шарттар жасалғанымен, күдіктінің бұл мүліктерді иеліктен шығаруға заңды құқығы болмаған.

КҮДІКТІ ҮЙҚАМАҚҚА АЛЫНДЫ

Үлескерлердің қаражатының бір бөлігі Астанадағы «Асылхан» тұрғын үй кешенінің жер телімін сатып алуға жұмсалған. Сонымен қатар, құрылысқа қажетті рұқсат құжаттары болмағанына қарамастан, «Біз біргеміз» қайырымдылық қоры арқылы мұқтаж әйелге пәтер беріледі деген ақпарат таратылған. Алайда аталған тұрғын үй кешенінің құрылысы іс жүзінде басталмаған.

“Сот санкциясымен Мөлдір Сүйіншәліге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу жалғасып жатыр”, – деп хабарлады агенттік.

ПЕРИЗАТ ҚАЙРАТҚА ҚАНДАЙ ҚАТЫСЫ БАР? 

Айта кету керек, астаналық кәсіпкер Мөлдір Сүйіншәлі «Біз біргеміз» қорының басшысы Перизат Қайратпен жақын араласқан. Тіпті Қайратқа қатысты іс қозғалғанда Сүйіншәлі журналистердің басын қосып, Астанада баспасөз мәслихатын өткізген. 

2021 жылы Перизат Қайрат оны мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығын салуға қаржылай қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған қайырымдылық кешіне шақырған. Мөлдір Сүйіншәлі ол жерден Головкиннің қолғаптарын 10 миллион теңгеге сатып алады. Бұл жайлы Перизат Қайратқа қатысты сот отырысында куәлік берген. 

2022 жылдың қарашасында Instagram желісінде такси болып жұмыс істеп жүрген астаналық Әсел Омарованың видеосы тарады. Әйел емізулі баласымен бірге көлік жүргізіп отырған. Сол кезде «Біз біргеміз» қорының басшысы Перизат Қайрат әйелге кәсіпкер Мөлдір Суюншәлі басқаратын MM Group Development құрылыс компаниясы пәтер сыйлайтынын мәлімдеді.

Кейіннен үйдің салынбағаны белгілі болды, ал Перизат Қайрат істі болып, сотталып кетті.