Әлеуметтік желіде жариялаған видеосында домбыра және басқа да ішекті аспаптарды «харам» деп атаған ақтөбелік ұсталды. Полиция оның бұл сөздері діни алауыздықты қоздыруы мүмкін деп бағалады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЕР АДАМНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
Азат Қоныс есімді 33 жастағы Ақтөбе тұрғынының мәлімдемесі желі қолданушыларының ғана емес, полицияның да назарын аударды.
«Құрметті қазақ елі, домбыраға қарсы сөйлеген болсам, кешіріп қойыңыздар. Алайда Қазақстан ханафи мазхабын ұстанатындықтан, шариғат бойынша ішекті аспаптар – гитара, домбыра, балалайка болсын – бәрі «харам» болып есептеледі», – дейді ер адам.
ІС ҚОЗҒАЛДЫ
Облыстық полицияның хабарлауынша, тұрғынға қатысты діни араздықты қоздыру фактісі бойынша іс қозғалған.
«Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті әлеуметтік желілерде діни негіздегі араздық пен өшпенділікті қоздыруға бағытталған пікірлер жариялаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында оның жеке басы анықталып, ұсталды», – дейді полицейлер.
Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот санкциясымен оған бұлтартпау шарасы ретінде қамауда ұстау түрі таңдалды.
«НАУРЫЗ – ХАРАМ»
Айта кетейік, бұдан бұрын Наурызды харам мереке деп мәлімдеген блогер жауапқа тартылған.
Ол жариялаған видеода Ұлыстың ұлы күнін «мұсылмандық мейрам емес» деп атап, Қазақстанда тойлануын дұрыс емес деген.
- Айтты солай тойламадыңдар ғой. Киіз үй тігіп, қазан-ошақ қойып. Қайдағы бір парсының, отқа табынушы, күнге табынушылардың мейрамы болған Наурызды солай тойлап жатыр. Қазақтың мейрамы деп қояды. Қазақта ондай мейрам болмаған. Наурыз деген сөздің өзі қазақтың сөзі емес. Мұсылман болсаң Наурызды тойлауға болмайды, – деді блогер видеосында.