Ресей 1 мамырдан бастап Қазақстан мұнайын өз аумағы арқылы транзиттеуді тоқтататынын мәлімдегеннен кейін, Германия билігі Шведт қаласындағы зауытты шикізатпен қамтамасыз етудің балама жолдарын қарастырып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қазақстан Шведттегі мұнай өңдеу зауыты пайдаланатын шикізаттың шамамен 20%-ын жеткізетін. Бұл зауыт Берлинді жанармаймен қамтуда аса маңызды рөл атқарады: қалаға жеткізілетін бензиннің 90%-ға жуығы осы жерде өндіріледі.
Ulysmedia.kz-тің транзиттің тоқтауының салдары туралы сұрағына жауап берген Германияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Моника Иверсен Берлин бұл мәселені қазір жан-жақты қарастырып жатқанын айтты.
– Ресейдің бұл шешімі Қазақстанның табысына да әсер етеді, яғни белгілі бір кірістерден қағады. Әрине, Қазақстаннан Шведтке энергия ресурстары жеткізіле бергенін қалар едік. Алайда оның болашағы бізге де, Қазақстанға да байланысты емес. Сондықтан қандай мүмкіндіктер мен балама жолдар бар – соны қарауымыз керек. Дегенмен Германия құрдымға кетпейді. Қазір біз энергиямен қамтудың басқа нұсқаларын зерттеп жатырмыз, – деді Моника Иверсен.
Елшінің айтуынша, транзиттің тоқтауы тек Германияға ғана емес, Қазақстанға да әсер етеді.
– Энергоресурстар транзитінің шектелуі Қазақстанға да соққы болып тиеді, өйткені ел бұл бағыттағы кірістен айырылады. Соған қарамастан, біз шешім табуға және жеткізілімдерді қайта қарауға тырысамыз. Әрине, мұнай Шведтке әрі қарай да жеткізіліп тұрғанын қалаймыз. Бірақ оның болашағы қандай болатыны әзірге белгісіз, – деді ол.
Берлин жеткізілімдерді қалпына келтіру мәселесімен айналысып жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда Германия экономикасына айтарлықтай қауіп төніп тұрған жоқ.
Айта кетейік, бұдан бұрын энергетика министрлігі Германияға жіберілуі тиіс мұнай басқа бағыттарға жөнелтілгенін мәлімдеген. 260 мың тонна мұнайдың 160 мың тоннасы Каспий құбыр консорциумы арқылы тасымалданса, қалған 100 мың тоннасы Усть-Луга портына жөнелтіледі. Бұл бағыттардың екеуі де Ресей аумағы арқылы өтеді.
Reuters сарапшысы Пьер Брианконның бағалауынша, егер транзиттің тоқтауы техникалық қиындықтар мен құбырды жөндеумен байланысты болса, мәселе Германия экономикасы сезінбей тұрып-ақ шешілуі мүмкін. Ал егер бұл Еуропаның энергетикалық жүйесін әлсіретуге бағытталған стратегиялық қадам болса, жағдай күрделене түсуі ықтимал.
Қазақстанның Энергетика министрлігі бұған дейін «Достық» құбыры арқылы транзит мүмкін болған сәтте қайта жанданады деген үміт бар екенін мәлімдеген.