Қорқынышты қалашық: тергеудегі Мөлдір Сүйіншәлидің коттедждері қандай күйде?

Ulysmedia
коллаж Ulysmedia

Forbes рейтингіндегі бизнес-леди Мөлдір Сүйіншәли үлескерлердің қаражатын жымқырды деген күдікпен қамауға алынды. Оның Nura Elite коттедж қалашығы жобасы аяқталмай қалған.

Аяқталмай тұрған коттедждердің қазіргі жағдайы қандай? Nura Elite қалашығына Ulysmedia.kz тілшісі барып, арнайы репортаж жасады. 

ҚАЛАШЫҚТАҒЫ ҮРЕЙ

Мөлдір Сүйіншәли қазақстандықтарға Forbes-тің «30-ға дейінгі 30» рейтингісіндегі бизнес-леди ретінде танымал. Ол бұл тізімге 2021 жылы өзінің MM Group құрылыс компаниясының негізін қалаушысы ретінде енген. Сол кезде Сүйіншәли 26 жаста болған.

Жақында елордалық Қаржылық мониторинг агенттігі  Мөлдір Сүйіншәлидің тергеуде екенін хабарлады. Оған Nura Elite коттедж қалашығына ақша салған үлескерлердің 3,9 млрд теңгесін жымқырды деген күдік тағылып отыр.

Агенттік мәліметінше, Сүйіншәлидің компаниясы барлық мерзімді бұзған. 2023 жылы пайдалануға берілуі тиіс болған коттедждер мен таунхаустар әлі күнге дейін аяқталмаған.

Шынайы жағдай қағаздағыдан әлдеқайда нашар. Коттедж қалашығына ауыр техникалар бүлдірген асфальтті қара жол апарады. Айналасы бірнеше шақырымға дейін қопарылған жер, сирек өскен шөп пен қоқысқа толы. Қоқыс өте көп.

Алыстан қарағанда Nura Elite қалашығы үрейлі көрінеді – балалардың кубиктеріне ұқсайтын бірдей қара үйлер қатар-қатар болып, меңіреу кеңістіктің ортасында тұр. Бірақ жақындай түскенде бұл жерде тіршілік бар екенін аңғаруға болады.

Шеткі коттедждердің бірінде жөндеу жүріп жатыр, жұмысшылар жайбарақат күйде арбаға құм тиеп жүр. Олар үлескерлерге қатысты жағдайдан бейхабар. «Иә, бұл – Nura Elite, кіреберіс басқа жақта» деп бас изейді де, басқа ештеңе білмейтіндерін айтады.

Қалашықтың кіреберісінде қопарылған топырақ үйінділері мен үстінде қорқынышты SOS жазуы бар будкалар тұр. Мүмкін, мұны жаяу жетуге болатын көрші елді мекеннің балалары ермек үшін жазған шығар. Ал, бәлкім, жергілікті жұмысшылар бірдеңе білетіндей, осылай ишара жасап тұрған болар.

АДАМДАР ТҰРЫП ЖАТЫР

Бірінші көшеде коттедж иелерінің бірін кездестірдім. Оның айтуынша, бұл жерде адамдар тұрып жатыр, бірақ әзірге тек бірнеше үйде ғана. Аумақты абаттандыру үшін тұрғындар қазір өзара ақша жинап жатыр. Өз қаражаттарына тротуар, бордюр, жол салып, ағаш отырғызатын компания жалдамақ. Олардың түсінуінше, мұны енді құрылыс компаниясы жасамайды.

Үйлерге байланысты жағдай әртүрлі. Аяқталған үйлерде тұруға қажетті жағдай бар – коммуникациялар жүргізілген. Бірақ құжаттарға мұқият қарау керек: егер барлық құжат қолда болса, үйді нотариус арқылы өз атыңа рәсімдеуге болады. Ал егер тек үлестік қатысу енді ғана рәсімделе бастаса, онда оған араласудың мәні жоқ. Себебі алдымен сот процестері өтеді, кейін ғана басқа бір құрылыс компаниясы нысанды аяқтауы мүмкін. Бұған жылдар кетеді, – дейді жергілікті тұрғын.

Бірінші көшедегі толық аяқталған үйлерден кейін екінші көше басталады. Мұнда коттедждер біреуі дайын болса, біреуі «жалаңаш» – сыртқы әрлеусіз тұр. Ал ең соңғы қатарда тек кірпіш қабырғалар мен қаңқалар ғана бар, кей жерлері мүлде аяқталмаған.

Көршілес Vela Village коттедж қалашығына жету қиын болмады, дегенмен жолы өте ойлы-қырлы. Мұнда әдемі орталық көше, шағын дүкен бар, үйлерге адамдар қоныстанып үлгерген.

Қалашықтың кіреберісіндегі кезекші әйел Nura Elite басшысы қамауға алынғанын біледі екен. Бас шайқап:

«Міне, ақшаны “жеп” қойды. Ал адамдар ше? Олар баспана алғысы келді, ақша салды, енді күтіп те жете алмайды», – деп жағдайға пікір білдірді.

Бұл жаққа такси әрең жетеді – жүргізушіге жолдың ойқы-шойқы болуына байланысты көлігін қинау оңай емес екені көрініп тұр. Ал Instagram-дағы «табиғи көрініс», «қалаға жақындық», «көлікке қолжетімділік» туралы жарнамалар шындыққа жанаспайтын, келеке сияқты естіледі.

АСТАНАЛЫҚТАР НЕ ДЕЙДІ?
Қазір Nura Elite қалашығындағы үйлер әлі де сатылымға қойылып жатыр. MM Group-тың Instagram парақшасында бұл жоба «ерекше» деп сипатталып, «жайлылық пен сән-салтанатты үйлестіретін, отбасыңызға мінсіз нұсқа» деп жазылған. Сондай-ақ жанында мектептер, балабақшалар, сауда орталықтары мен спорт алаңдары бар деп көрсетіледі.

Krisha.kz сайтында Nura Elite 2024 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға берілгені және барлық құжаттары бар екені жазылған. Сипаттамаға қарағанда, MM Group салған коттедж қалашығы табиғатпен үйлесімде отбасыңызбен тыныш әрі белсенді демалуға арналған тамаша орын ретінде көрсетіледі. Мұнда мегаполис шуынан алыс болғанымен, көлік қатынасы жақсы дамыған, сондықтан қажетті инфрақұрылым нысандарына оңай жетуге болады деп сендіреді сайт.

Жоба құрамында сипаттамаға сәйкес, 5 сотық жердегі 179 шаршы метрлік және 10 сотық жердегі 368 шаршы метрлік 37 екі қабатты коттедж, сондай-ақ 150 және 182 шаршы метрлік 24 таунхаус бар.

Алайда карта астында «Krisha.kz бұл коттедж қалашығымен жұмыс істемейді. Жоспарлар туралы ақпарат көрсетілмейді, себебі ол ескірген болуы мүмкін» деген ескерту берілген.

2GIS қолданушылары Мөлдір Сүйіншәлидің қамауға алынғаны туралы жаңалықтарға әлдеқашан пікір білдіріп үлгерген.

«Не болды, жігіттер, бәрі бітті-ау деймін. Алла үлескерлерге күш берсін, баспанасыз қалмасын», –  деп жазады пікір қалдырушылардың бірі.

Құрылыс компаниясының басшысы Перизат Қайрат есімімен салыстырылып, ал нысан тағы бір ұзаққа созылған құрылыс ретінде аталып жатыр. Айта кету керек, жағымсыз пікірлер тек соңғы күндері ғана пайда болмаған – олар бірнеше жыл бойы ара-тұра жазылып келген.

Мәселен, 2025 жылғы 20 желтоқсандағы пікірде:

«Мұнда үйді 10 млн теңгеге де алуға болмайды. Риелтор алдап кетті: үйді 100 млн-ға сатып алдым, ал бұл үйлер бойынша сот жүріп жатыр екен. Тұрғындар бәрін өздері жасап жатыр – жол, жарық және т.б. Егер құрылысшыны соттаса, бәріміз далада қаламыз. Қолымызда үйге қатысты құжат жоқ, тек ДДУ (үлестік қатысу шарты) ғана бар. Сондықтан басқалар біз сияқты алданып қалмасын деп ескертемін», – делінген.

Пікірлер арасында «тамаша қалашық», «керемет жоба» деген оң бағалар да кездеседі. Бірақ олар «онша емес, бәрі бір-біріне тым жақын, бірдей» деген сын-пікірлермен араласып келеді. Ал бұл нысан 2023 жылдың шілдесінен бері-ақ ұзаққа созылған құрылыс ретінде аталып жүр.

МӨЛДІР СҮЙІНШӘЛИ КІМ?

Ашық деректерге сүйенсек, Мөлдір Сүйіншәли бизнес-вумен ретінде танылмай тұрып, Ақтөбеден Астанаға келіп, даяшы және түнгі клубта жүргізуші болып жұмыс істеген. Бір кезеңде Jah Khalib-тің концерттік директоры болған. Сондай-ақ Еуразия ұлттық университетіне оқуға түскенімен, оқуын аяқтамаған.

Мөлдір Сүйіншәли жылжымайтын мүлік саласындағы жұмысын жөндеу жұмыстарынан бастаған. Forbes рейтингіне берген сұхбатында өзі айтқандай, «кәсіби мамандардан құралған бригада жасақтаған».

Клиенттер саны артқан соң, бұл бригада тек жөндеу емес, жеке коттедждер салуға да тапсырыс ала бастаған. 2013 жылы ол ЖШС тіркеп, ірі құрылыс компанияларына субмердігер ретінде жұмысқа кіріскен.

Кейін MM Group ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіндегі павильондарды әрлеу жұмыстарына қатысқан компаниялардың бірі болды. Тіпті Румынияның ұлттық павильонын салуға да атсалысқан.

Алайда Мөлдір Сүйіншәли тек құрылысшы ретінде ғана емес, басқа да даулы оқиғалармен танылған.

ПЕРИЗАТ ҚАЙРАТПЕН БАЙЛАНЫСЫ

Мөлдір Сүйіншәлидің есімі 2025 жылы Перизат Қайраттың даулы қайырымдылық қорымен қатар аталған.

Өткен жылдың шілдесінде Сүйіншәли сотта жәбірленуші ретінде сөз сөйлеген. Оның айтуынша, 2021 жылы Biz Birgemiz қоры ұйымдастырған қайырымдылық аукционға әлеуметтік желі арқылы шақырту алып, қатысқан. Аукционда оның компаниясы Геннадий Головкиннің бокс қолғаптарын 10 млн теңгеге сатып алған. Бұл қаражат мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталық салуға жұмсалуы тиіс болған.

Кейін ақша мақсатты түрде пайдаланылмағаны және Перизат Қайратқа қатысты іс қозғалғаны белгілі болған соң, Сүйіншәли сотқа жүгініп, 10 млн теңгені қайтаруды талап еткен.

Сонымен қатар, ҚМА тергеу деректеріне сәйкес, Сүйіншәли Biz Birgemiz қорының бір қайырымдылық іс-шарасында баспанаға мұқтаж әйелге пәтер сыйлайтынын мәлімдеген. Пәтер Астанадағы Ахмет Жұбанов көшесінде салынады делінген Assylkhan тұрғын үй кешені-нен берілуі тиіс болған. Алайда сол кезде бұл тұрғын үй кешені мүлде болмаған, тіпті құрылысқа рұқсат та алынбаған.

Айта кету керек, бұл тұрғын үй кешені әлі күнге дейін салынбаған. Ал 2022 жылы Астана әкімдігі оны үлестік қатысу заңсыз жүргізілген нысандар тізіміне енгізген.

Nura Elite элиталық коттедж қалашығы төңірегіндегі дауда қазақстандық актриса, әнші Қайрат Нұртастың жары Жұлдыз Әбдікәрімова да жәбірленушілердің бірі болған. Ол осы қалашықтан коттедж сатып алғанымен, жаңа үйіне кіре алмаған. Оның орнына ұзаққа созылған сот процестері басталған.

Актриса құрылысшыны сенімге кіріп, өзін белгілі бір құжаттарға қол қоюға көндірді деп айыптаған. Ал құрылыс компаниясы керісінше жала жапты деп қарсы талап қойып, актриса коттеджді сатып алу кезінде ерекше шарттарға қол жеткізу үшін өзіне қысым жасады деп мәлімдеген.

Ақырында Жұлдыз Әбдікәрімова екі сотта да жеңіліп, коттеджін ала алмағаны белгілі болды. Актриса бұл жағдайға қатысты Ulysmedia-ға пікір беруден бас тартқан.

КОНТЕКСТ

Мөлдір Сүйіншәлиге қатысты қылмыстық іс туралы Қаржылық мониторинг агенттігі 28 сәуірде хабарлады. Агенттік мәліметінше, Сүйіншәли Nura Elite қалашығының құрылысына үлескерлерден 3,9 млрд теңге тартқан.

Осы қаражаттың 322 млн теңгесі Мөлдір Сүйіншәлидің, оның жұбайы мен анасының есепшоттарына аударылған, ал 145 млн теңге қолма-қол ақшаға айналдырылған деп айтылады. Іс бойынша 56 адам жәбірленуші ретінде танылған.

Қазіргі уақытта Мөлдір Сүйіншәли үйқамақта отыр.