Бұл туралы Мәжілісте педагог мәртебесі мен білім беру мәселелері жөніндегі заң жобасын талқылау барысында айтылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
НЕ ДӘРІГЕР ЕМЕС, НЕ СТУДЕНТ ЕМЕС
Депутат Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, 6 жылдық оқу мерзімі аяқталған соң болашақ дәрігерлер заңды мәртебесі болмағандықтан емдеу шараларына қатыса алмайды.
«Соңғы реформаға сәйкес, студенттердің оқу мерзімі 6 жылды құрайды. Одан кейін 6 айға созылатын интернатура кезеңі бар, онда студент стационар жағдайында нақты заңды мәртебесі болмай, медициналық ақпараттық жүйелерді пайдалана алмайды. Сондай-ақ, емдеу шараларына тікелей қатыса алмай, тек бақылаушы ретінде ғана жұмыс істейді. Қарапайым тілмен айтқанда, білім алушылар өз бетімен қалып отыр», – деді депутат.
7 ЖЫЛДЫҚ МОДЕЛЬ
Депутаттың сөзінше, 6 жылдық оқуын аяқтаған түлектер бірден жұмысқа орналаса алмайды, себебі резидентурадан өту барлығына міндетті талап болып саналады.
«Резидентураның ұзақтығы 2 жылдан 4 жылға дейін созылады, әрі мемлекеттік гранттар саны шектеулі. Сондықтан оқу көбіне ақылы негізде өтеді», - дейді мәжілісмен.
Осы орайда Асхат Аймағамбетов дәрігерлерді даярлаудың 7 жылдық моделіне көшуді жөн деп санайды.
«Бағдарлама университетте 6 жыл теориялық дайындықты және медициналық ұйымдар базасында 1 жыл толыққанды практикалық интернатураны қамтитын болады», – деді депутат.
Айта кетейік, бұдан бұрын Ғылым және жоғары білім министрлігі елімізде шетелдік студенттердің санын 100 мыңға жеткізу көзделіп отырғанын мәлімдеген.