Ақмолада зауытта төтенше жағдай болып, екі жұмысшы күйіп қалды

Ulysmedia
фото: ашық дереккөзден

Ақмола облысының Жібек жолы ауылындағы сүт зауытында болған төтенше жағдайдан екі адам зардап шекті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, газгольдерде (табиғи газ) газ-ауа қоспасының тарсылы (хлопок) болған. Өрт шықпаған және ғимараттың құрылымына зақым келмегендіктен, құтқарушылар оқиға орнына шақыртылмаған.

Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, зардап шеккен екі азамат дене күйігімен Астана қаласындағы ауруханаға жеткізілген. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың денесінің 30-40 пайызын күйік шалған.

Қазіргі уақытта Ақмола облыстық Полиция департаменті аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

ЖАРЫЛЫС ПЕН ТАРСЫЛ

ТЖМ баспасөз қызметі «жарылыс» пен «тарсыл» (хлопок) ұғымдарының айырмашылығын түсіндіріп өтті:

  • Жарылыс кезінде конструкциялар қирап, қабырғалар құлайды.

  • Тарсыл - бұл негізгі тіреуіш конструкцияларды қиратпайтын, қуаты аздау толқын.

Айта кетейік, бұдан бұрын Абай облысындағы Орлов өндірістік кешенінде тау жынысы опырылып, екі жұмысшы үйінді астында қалған.

Оқиға орнында олардың бірі қаза тауып, екіншісі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.