Тоз-тозы шыққан кешен: Алматы ипподромын құртуға кім мүдделі?

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Алматы ипподромының төңірегіндегі жағдай ушығып бара жатқан сыңайлы. Ресми орындар нысанның жай-күйін тек «көңіл көншітпейді» деп қысқа қайырады. Ал жұртшылық пен ат спортына қатысы бар қауым ахуалдың әлдеқайда ауыр екенін айтады: атқораларға апаратын жолдар қазылған орлармен жабылып, аумақтың тазалығы мен күтімі мүлде нашарлаған. Осындай ретсіздік белең алған тұста, ірі құрылыс компаниялары әйгілі кешен әбден тозып, 40 гектардай қымбат жер босайды деп күтіп отырғандай көрінеді. Сол аумаққа кейін тағы да тұрғын үйлер салына ма деген алаң бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ресми баға: «Жай-күйі мәз емес»

Ulysmedia.kz редакциясы Алматы әкімдігіне қарасты бірқатар маңызды басқармаларға сауал жолдады. Келген жауаптар жағдайдың күрделі екенін аңғартты. Соның ішінде Мәдениет басқармасы мәселені ашық айтып, 2021 жылдан бері жергілікті деңгейдегі тарихи-мәдени мұра санатына кіретін ипподромның хәлі әбден нашарлағанын растады.

– Ипподромның қазіргі техникалық ахуалы талапқа сай емес, нысанды толыққанды жөндеп, қайта қалпына келтіру қажет, – деп көрсетілген ресми жауапта.

Мекеме аумақта тарихи-мәдени сараптама жүргізіп, қалпына келтіру жұмыстарын қолға алу қажет екенін атап өтеді. Сонымен қатар, қала билігі ипподромды «ұлттық мерекелерді (оның ішінде Наурызды) өткізуге және жарыстар ұйымдастыруға арналған көпсалалы алаң» ретінде қарастырады.

Өз кезегінде Сәулет және қала құрылысы басқармасы Бас жоспарға сәйкес, 2040 жылға дейін бұл жердің мақсаты өзгермейтінін растады. Қазіргі уақытта жердің нысаналы мақсатын (тұрғын үй құрылысына) өзгерту туралы меншік иелерінен ешқандай өтініш түспеген.

Алайда мұндай өтініштердің әзірге болмауы негізгі сұрақты күн тәртібінен түсірмейді: тарихи нысан неге осындай күйге түсті және оған кім жауапты?

«Қазақ Жокей клубы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсат Ахаев редакцияға берген сұхбатында жағдайдығ біз ойлағаннан да күрделі екенін айтты.

– Қазір ипподромның хәлі мүшкіл. Онда бәйге аттары жоқ. Оның орнына Қытайға жөнелтілуі тиіс жылқылар тұр – шамамен 180 бас. Батпақтың ішінде тұр. Ипподром иелері әдейі осындай жағдай жасап отыр, адамдар бәйге аттарын әкелмесін дегендей. Мұның бәрі ипподромды әбден тоздырып, кейін «жұмыс істемейді, ат жоқ» деп ресми түрде жабу үшін жасалып жатқан сияқты. Одан кейін бұзуға жол ашылады, – дейді ол.

«Қаңыраған нысан» иелері: ипподром бүгінде кімнің қолында?

2008 жылдан бері нысанды «Тенгри-Инвест» ЖШС басқарып келеді. Алайда 2024 жылдың қаңтарында құрылтайшылар құрамында елеулі өзгерістер болып, бұл жағдай қала тұрғындарының алаңдаушылығын күшейтті. Қазір ипподромның үлесі мына тараптарға тиесілі:

Юрий Судгаймер (Зюйдхамер). Есімі Ресей жаңалықтарында жиі аталған кәсіпкер. Ресейлік БАҚ-тың (соның ішінде «Новая газета» мен «Коммерсант») деректеріне қарағанда, ол Киров облысының бұрынғы губернаторы Никита Белых ісі бойынша ФСБ-мен ынтымақтасқан. Басылымдарда кәсіпкердің шенеунікпен жеке кездескені айтылған. Кейін, 2019 жылы, Судгаймер Ресейде орман учаскелерін жалға алу төлемдерін (шамамен 200 млн рубль) төлемеу ісі бойынша іздеуге жарияланған. Соңғы мәліметтерге сәйкес, ол қазір іздеуде жоқ.

Everest Development. 2024 жылы серіктестікке үлескер ретінде қосылған құрылыс компаниясы. Оның иелері – Айдос Алмасов пен Бағлан Нұрбосынов – бірқатар компаниялар арқылы тұрғын үй нарығындағы ірі ойыншы Sensata тобымен байланысты. Ипподромның енді құрылыс компаниясының меншігіне өтуі қала жанашырларын алаңдатып отыр. Көпшіліктің пікірінше, девелоперлер бұл жерге ат спорты үшін емес, болашақта 40 гектар жерді тұрғын үй кешендеріне айналдыру мақсатымен келген.

Жекешелендіру тарихы: қауесеттен даулы есімдерге дейін

1930 жылы салынған Алматы ипподромы ұзақ уақыт бойы республиканың мақтанышы болып келді. Алайда ол жеке меншікке күрделі схема арқылы өткен. Ипподромның бұрынғы директоры Шухрат Илахуновтың (2015 жылы БАҚ-қа берген сұхбатында) айтуынша, 2003 жылы нысанды «Жокей-клуб» атты ат иелері қауымдастығы жекешелендірген. Кейін ипподром ірі несиелер алу үшін банкке кепілге қойылып, қарыз қайтарылмаған соң, банк оны саудаға шығарған. Сол кезде нысанды «Тенгри-Инвест» ЖШС сатып алған.

Сарапшылар арасында ұзақ уақыт бойы 90-жылдардың ортасында ипподромға бақылау «Назико» компаниясына өткен деген әңгіме тараған. Бұл компанияны Болат Назарбаевтың есімімен байланыстырған. Алайда бұл мәмілеге қатысты ашық дереккөздерде нақты құжаттар жоқ.

Дегенмен, Мақсат Ахаев осы нұсқаны растайды:

– Бұл рас. Құжаттарды көтеру керек. Шынында да, жекешелендірген. Яғни ипподромды әдейі банкротқа ұшыратып, кейін өзіне алған. Сосын басқа адамдарға өткізіп жіберген. Содан бері ипподром бірнеше адамның қолынан өткен. Оны сатып алғандардың барлығының мақсаты бір болған – нысанды бұзып, орнына шағын аудан не көпқабатты тұрғын үй салу, – дейді ол.

Қазіргі ипподром иесі – «Тенгри-Инвест» ЖШС туралы айтсақ, әр кезеңде компания құрылтайшылары қатарында Қазақстанда ықпалы бар тұлғалардың есімдері аталған. Мәселен, тіркеу деректерінде бұрын «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясының экс-басшысы, бұрынғы сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловтың ағасы Ерлан Атамқұловтың аты көрсетілген.

Ал қазір компанияның түпкі бенефициарлары ретінде, жоғарыда айтылғандай, Юрий Судгаймер мен Everest Development көрсетіледі.

Қарсыласу хроникасы

Соңғы екі жылда жалға алушылар мен спортшылар аумақтан жүйелі түрде ығыстырылып жатқанын бірнеше рет мәлімдеген. Әкімдік мұны «шаруашылық сипаттағы даулар» деп түсіндірсе, ат спорты қауымдастығы мұны жағдайды әдейі ушықтырып, жұмыс істеуді мүмкін емес ету деп бағалайды.

«Келіспеушілік орлары»: 2024 жылы дәл атқоралардың алдына терең орлар қазылған. Қоғам белсендісі Салтанат Тәшімова әлеуметтік желіде жариялаған видеоларда бұл кедергілердің салдарынан жылқыларды жаттықтыру мүмкін болмай қалғаны көрінеді. Ат иелері әкімшілік тарапынан заңсыз шығарып жіберу әрекеттері жасалды деп, қарсы талап-арыз берген.

Жылқылардың суықта қалуы: 2025 жылдың күзінде иппотерапияға пайдаланылатын жылқылардың жылы қораларға кіргізілмегені туралы дау шықты. Ерекше күтімді қажет ететін балалардың ата-аналары мен еріктілердің айтуынша, жалға алу мерзімі аяқталды деген сылтаумен жануарлар суықта қалған.

Жабдықтың әкетілуі: Жокей Талғат Жайсанбаев сияқты кәсіби мамандар бұрыннан ипподром жолдарының жағдайын сынға алып келген.Ал  2025 жылдың соңына қарай старттық бокс құрылғыларының әкетіліп жатқаны туралы хабар тарады, бұл кәсіби бәйгелерді өткізуге қауіп төндірді.

Мақсат Ахаевтың айтуынша, әкімдік пен ипподром иелері арасындағы келіссөздер қаржылық талаптарға байланысты тығырыққа тірелген:

– Бізді әкімдікке шақырды, ипподром иелерін де шақырған, бірақ олар келмей қойды. Содан бәрі тоқтап қалды. Тыныш. Елемей отыр. Қазір әкімдіктің де қауқары жетпей тұрған сияқты. Әуелі әкімдік келіссөз жүргізіп, нысанды сатып алмақ болғандай еді. Бірақ иелер «қаласаңдар, 16 миллиард» дегендей өте жоғары баға қойып отыр екен. Мен тек естігенімді айтып отырмын, нақты білмеймін. Осындай шарттар қояды, – дейді ол.

Ахаевтың сөзінше, ол бұл мәселе бойынша қала әкімі Дархан Сатыбалдымен де кездескен, әкім мәселені қарап шығуға уәде берген.

Сондай-ақ оның айтуынша, кәсіби шабандоздар 2026 жылы ипподромнан кетуге мәжбүр болған, себебі бәйге жолы күтіп-бапталмай, суарылмай қалған. Мұндай жағдайда жаттығу жасау жылқының жарақат алу қаупін арттырады.

Мұхамедиұлының көлеңкесі және алғашқы қайтарым: «Тұлпар» кешенінің ісі

Алматы ипподромының болашағын түсіну үшін оның көршісі – «Тұлпар» ат спорты кешенінің оқиғасын да қарастыру маңызды. Бұл нысан 5 гектар аумақта орналасып, негізгі ипподроммен іргелес жатқандықтан, ұзақ уақыт бойы біртұтас кешен ретінде қарастырылған.

Алайда 2019 жылдың наурызында, бұрынғы министр, кейін сотталған Арыстанбек Мұхамедиұлының кезеңінде кешен жеке компания – «Nomad’s Land» ЖШС-іне сатылған.

Жекешелендіру арқылы берілген нысанға қатысты іс кейін сотқа жетіп, үлкен дау туғызды. Жетісу ауданының прокуратурасы сатып алу-сату шартының заңсыз екенін сотта дәлелдеді. Соның нәтижесінде 2025 жылдың 19 тамызында Алматы әкімдігі «Тұлпар» кешенін қайтадан қаланың коммуналдық меншігіне қабылдады.

Кешен қаладағы ұлттық спорт түрлері клубының басқаруына берілді. Негізгі ипподром иелері үшін бұл жағдай елеулі белгі болды: бұл аумақта ешқандай «қол сұғылмайтын» жекеменшік жер жоқ екенін, ал спортқа арналған жерлерге қатысты күмәнді жекешелендіру мәмілелері мемлекет тарапынан жылдар өткен соң да қайта қаралуы мүмкін екенін көрсетті.

Әрі қарай не болады?

Ескерткіш мәртебесіне ие болғанына қарамастан, қазіргі меншік иелері уақыт ұтуға сүйеніп отырғандай әсер қалдырады. Дегенмен Мақсат Ахаев маңызды бір жайтты еске салады:

– Бұл аумақ тектоникалық жарық сызығының үстінде орналасқан. Онда ешқандай биік ғимарат салуға болмайды, – дейді ол.

Қоғам белсенділері де шегінбек емес. Алдағы уақытта президентке жүгіну және сотқа арыз түсіру жоспарланып отыр.

– 2030 жылы ипподромға 100 жыл толады. Ал біз осы уақыт ішінде оны осындай күйге түсіріп қойдық, – деп түйіндейді Ахаев.

Қала белсенділерінің пікірінше, жағдай өзгермесе, ипподром қайтарымсыз күйге түсуі мүмкін.Олар нысан әбден тозып, тіпті Мәдениет басқармасы оны қалпына келтірудің мәні жоқ деп танитын деңгейге жетуі ықтимал деп алаңдайды. Сол кезде ғана иелеріне ескерткіш мәртебесін алып тастап, аумақты игеруге құқықтық жол ашылады деген қауіп бар.

P.S. Алматы әкімі тарихи нысанды сақтап қалып, оның кезекті тұрғын үй кешеніне айналып кетуіне жол бермейді деп үміттенеміз.

Фотоны Мақсат Ахаев ұсынған.

Автор: Динара Бекболаева