Сенат Мәжіліс әзірлеген «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасына түзетулер енгізді. Атап айтқанда, жоғарғы палата депутаттары қаңғыбас жануарларды өлтіруге қатысты «эвтаназия» терминімен келіспеді, сондай-ақ барлық қаңғыбас жануарларды ұсталғаннан кейін 5 күн өткен соң «жою» нормасын қолдамады. Сенаторлар тағы қандай өзгерістер ұсынғаны туралы Ulysmedia.kz материалында.
ТҮЗЕТУ
Талқылау қорытындысы бойынша Сенат даулы заң жобасын пысықтау үшін Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылдады.
- Мәжіліс қабылдаған Заңның 15-бабында қаңғыбас жануарларды панажайға немесе уақытша ұстау пунктіне тапсырғаннан кейін бес тәулік өткен соң эвтаназия қолдану, сондай-ақ Азаматтық кодексте көзделген мерзімдер аяқталғаннан кейін ауру, негізсіз агрессия көрсететін, қараусыз және иесіз жануарларға қатысты жою шараларын қолдану қарастырылған еді. Осы бап бойынша Сенат қаңғыбас жануарлар санын реттеу кезінде «эвтаназия» терминін қолданудан бас тартуды ұсынды, – деп сенатор Арман Өтегұлов қорытындыны оқыды.
Сенат сондай-ақ қаңғыбас иттерді ұстап алғаннан кейін оларды ұстау мерзімін нақты белгілеуден бас тартуды ұсынады. Депутаттардың пікірінше, бұл мәселені әр өңірдің мәслихаттары өз жағдайына қарай шешуі тиіс.
– Сенаторлар бес күн ішінде жануарға иесін табу әрдайым мүмкін бола бермейтінін түсінеді. Сонымен бірге, қаңғыбас жануарлар санын реттеудің маңызы да күмән тудырмайды. Бұл мәселе елдің бірқатар өңірлері үшін өзекті. Осыған байланысты жергілікті мәслихаттардың шешімдері әр қала мен облыстағы нақты жағдайды ескеруге мүмкіндік береді, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүддесін негізге алады және қаңғыбас жануарлардың бақылаусыз көбеюіне жол бермейді, – деп түсіндірді Өтеғұлов.
Тағы бір өзгеріс – жануарды қараусыз деп тану өлшемдеріне қатысты. Сенаторлар Мәжіліс ұсынғандай тек чиптің болуына ғана сүйенбей, қолданыстағы нұсқаны сақтауды ұсынады.
ТОЛЫҚТЫРУ
Сенаторлар Мәжіліс ұсынған заң жобасын бірқатар жаңа тармақтармен толықтыруды да ұсынды. Жаңа түзетулер аясында үй жануарларын көбейту мен айналымын бақылауды күшейту көзделіп отыр. Енді үй жануарларын сату немесе басқаға беру тек олардың есепке алынғаны расталған жағдайда ғана рұқсат етіледі.
– Мұндай тетік тек асыл тұқымды иттермен айналысатындар мен кинологиялық клубтардың ғана емес, сондай-ақ жануар өсірумен айналысатын барлық жеке және заңды тұлғалардың қызметін реттеуге мүмкіндік береді, – деді Өтегұлов.
Сонымен қатар сенаторлар мынадай түзетулер енгізуді ұсынды:
– Жануарларға жауапкершілікті күшейту мақсатында уәкілетті органға кейбір жануар түрлерін ұстауға, көбейтуге және айналымға шығаруға тыйым салынатын тізімді бекіту құзыретін беру;
– Қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған норма енгізу. Егер үй жануарының иесі оны серуендету талаптарын бұзып, соның салдарынан адамға, жануарға немесе мүлікке зиян келсе, иесі келтірілген шығынды өтеуге міндетті болады. Ал егер адам денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтірілсе, иесі мұндай жануарға қатысты эвтаназия жүргізуге міндетті;
– Жануарларды ұстау, серуендету, аулау, уақытша ұстау және жою ережелерін әзірлеу бойынша әкімдіктердің, ал оларды бекіту бойынша мәслихаттардың өкілеттігін нақтылау;
КОНТЕКСТ
Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл өзекті мәселеге қатысты пікір білдірген. Ол қаңғыбас иттердің көбеюін адамдардың әрекетімен байланыстырып, жануарларға қатыгездік көрсеткендерге жауапкершілікті күшейту қажет екенін, қажет болса қылмыстық жауапқа дейін қарастыру керектігін айтқан.