Сауатсыздықтың артуы: 100 мыңнан астам оқушы білім мониторингінен өтеді

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

30 сәуірден бастап еліміздегі екі мыңға жуық мектептің 100 мыңнан астам 4-ші және 9-шы сынып оқушылары арасында білім мониторингі өткізіледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МОНИТОРИНГ ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗІЛЕДІ?

Оқу ағарту министрлігінің мәліметінше, бұл мониторинг - оқушылардың білім сапасын бағалауға бағытталған отандық зерттеу құралы.

“Ол оқу бағдарламаларының тиімділігін талдауға, оқу-тәрбие процесіндегі жетілдіруді қажет ететін тұстарды анықтауға мүмкіндік береді. Мониторингтің түпкі нәтижесі - білім сапасын арттыру үшін әр өңірге кешенді талдау жасай отырып, әдістемелік ұсыныстар әзірлеу”, – дейді ведомстводағылар.

Мониторинг функционалдық сауаттылықтың оқу, математикалық және жаратылыстану бағыттарын қамтымақ.

“Сонымен қатар білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингі аясында білім беруге әсер ететін әртүрлі контекстік факторларды анықтау үшін сауалнама жүргізіледі. Оны оқушылар, педагогтер, мектеп басшылары және 4-сынып оқушыларының ата-аналары толтырады.Зерттеу рәсімі стандартталған және халықаралық тәсілдерге сәйкес ұйымдастырылған”, – дейді министрлік өкілдері.

Ведомство 2025 жылдың басында білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингі халықаралық RCEC сапа белгісін алғанын еске салды.

ОҚУШЫЛАРДЫҢ САУАТСЫЗДЫҒЫ

Еске салайық, бұдан бұрын қазақстандық мұғалімдер желіде қазақша түсінбейтін, туған тілінде сауатты оқып-жаза алмайтын оқушылар көбейгенін айтып, дабыл қақты. Ұрпақ мәңгүрттеніп барады деп алаңдаған ұстаздар оқу жүйесін өзгертуді, жүктемелерін азайтып, оқушылармен көбірек жұмыс істеуге мүмкіндік беруді сұраған.

Қазақ балаларының сауаты неге төмендегенін және бұл мәселенің қандай шешімі барын сарапшылардан сұраған Ulysmedia.kz тілшісі түйткілдің түйінін тарқату үшін жүйелі реформа керек екеніне көз жеткізген.