«Жеке шекараны бұзу» – сарапшылар алимент бойынша есеп беру жайлы

Ақлима Джақсыбекова
Ulysmedia.kz коллажы

Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков мәжілісте алимент бойынша есеп беру тетігін әзірлеп жатқанын мәлімдеді. Алайда мұндай талап 2024 жылы қолданыста болған, кейін оны алып тастаған еді. Енді оны қайта енгізбек пе? Сарапшылар бұл қадам әйелдерге қосымша жүк түсіріп, дауларды көбейтуі мүмкін екенін ескертеді. Олар мәселені міндеттеу арқылы емес, келісім арқылы шешуді ұсынып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Есеп беру механизмі

Мәжілісте атқарушылық іс жүргізу туралы заңға енгізілетін өзгерістер қаралып жатыр. Талқылау барысында депутаттар Әділет вице-министрі Бекболат Молдабековке алимент төлеушілердің жиі көтеретін мәселесін еске салды. Олардың айтуынша, көп жағдайда бұрынғы жұбайлар алименттің қалай, қайда жұмсалып жатқанын нақты айтпайды. Соның салдарынан төлеушілер қаражаттың бала қажеттілігіне жұмсалып жатқанына күмәнданып, оның бір бөлігі жеке мақсаттарға кетуі мүмкін деп алаңдайтыны айтылды. 

Вице-министр сөзінше, алименттің жұмсалуына қатысты есепті сот арқылы талап етуге мүмкіндік бар. 

-«Иә, біз бұл мәселені білеміз және қазір онымен жұмыс істеп жатырмыз. Қазіргі заңнама бойынша алименттің жұмсалуы туралы есепті сот арқылы сұратуға болады. Бірақ біз бұл тетікті одан әрі жетілдіріп жатырмыз. Мұнда бәрі алимент мөлшеріне байланысты. Әдетте оның көлемі 100–150 мың теңгеге дейін болады. Егер сома осы шамада немесе одан жоғары болса, сондай-ақ жалақы 500 мыңнан миллион теңгеге дейін не одан көп болса, онда есеп беруді талап етуге мүмкіндік болады. Біз осындай жаңа механизм әзірлеп жатырмыз», – деді ол.

«Әйелдерге қосымша жүк»

Отбасылық істер бойынша сот заңгері, Aliment.kz серіктесі Әшірбек Бекарыс Қобланбекұлының пікірінше, мұндай норма бұрын болған.

Оның айтуынша, 2024 жылы Жоғарғы соттың нормативтік қаулысына енгізілген өзгерістер нәтижесінде алимент бойынша есеп беру талабы күшін жойған. Алайда бұл шешімнің нақты себептері ресми түрде түсіндірілмеген.

Заңгердің сөзінше, тәжірибеде жиі кездесетін мәселе – алимент төлеушілердің табысын жасанды түрде азайтуы.

- «Көбіне ер азаматтар алиментті азайтуға тырысады. Мысалы, айлығы 500 мың теңге болса, оны құжат жүзінде 85–100 мың теңгеге дейін түсіріп қояды», – деді сарапшы.

Ол мұндай жағдайда алимент көлемі баланың қажеттіліктерін өтеуге жетпейтінін атап өтті. Сонымен қатар есеп талап ету нормасы енгізілсе, бұл әйелдерге қосымша жүк түсіруі мүмкін екенін айтады.

- «Егер осындай норма қайта енгізілсе, кейбірі аз ғана ақша жіберіп, соның өзін есеппен талап ете бастайды. “Осы 16 мың теңге қайда кетті?” деп, әйелге қосымша қиындық туғызады», – деді Қобланбекұлы.

Отбасылық істер, ажырасу бойынша заңгер Жанат Байдуллақызы да мұндай норманы енгізу қажет емес деп есептейді. 

- «Алимент төлегісі келмейтін, не Қазақстан бойынша ең төменгі жалақыдан алимент төлейтін ер азаматтар көп. Алимент 1 балаға - 25%, 2 балаға - 33%, 3 және одан көп балаға - 50 % мөлшерінде беріледі. Бұл баланың ең төменгі қажеттіліктерін де толық өтей алмайды. Алимент мөлшері тым жоғары болғанда (мысалы, кәсіпкерлер немесе жоғары лауазымды тұлғалар) төлеген кезде, ата ана өзара келісіп, есеп алып отыруға болады», - дейді заңгер. 

«Жеке шекараны бұзу»

Жанат Байдуллақызының пікірінше,  қосымша бақылау тетіктері қоғамдағы әлеуметтік шиеленісті күшейтіп, құқықтық даулар санын арттыруы мүмкін.

- «Бұл норма қоғамдағы гендерлік шиеленісті арттырып, соттар мен прокуратураға түсетін арыз-шағымдардың санын еселеп өсіреді», - дейді ол.

Сонымен бірге ол алимент шығынын толық тексеру жеке өмірге қол сұғу мәселесін туындатуы мүмкін екенін ескертеді.

- «Күнделікті тұрмыстық шығындарды (тамақ, гигиена, коммуналдық қызмет) жеке-жеке бөліп есеп беру — адамның қадір-қасиетін төмендету және оның жеке кеңістігіне өрескел басып кіру болып саналады», – деді Байдуллақызы.

Мақсатты шығындарға бағыттау не келісім арқылы шешу

Жанат Байдуллаеқызы мұндай бақылаудың орнына алиментті тікелей мақсатты шығындарға бағыттау тиімдірек шешім болуы мүмкін деп санайды. Оның ұсынысына сәйкес, қаражат баланың оқу ақысы, спорт секциялары немесе емделу қызметтері сияқты нақты мекемелердің шотына тікелей аударылуы қажет.

Ал заңгер Бекарыс Қобланбекұлы бұл мәселені келісім арқылы шешуге болатынын алға тартады.

- «Медиативтік келісім арқылы тараптар өзара келісіп, алимент төлеу тәртібін де, есеп беру талабын да өздері бекіте алады», – деді заңгер.

Оның айтуынша, мұндай келісімді онлайн түрде нотариус немесе медиатор арқылы рәсімдеуге болады. Алайда бұл мүмкіндік жеткілікті деңгейде қолданылмай отыр.

Үш айда 18 млрд теңге алимент төленбеген

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылы Қазақстанда 115,9 мың неке тіркеліп, 45,7 мың ажырасу рәсімделген.

Әділет министрлігінің мәліметіне сәйкес, бүгінде алимент бойынша берешек 18 млрд теңгеге жеткен. Бұл тек үш айдан астам уақыт төленбей жүрген қарыздар. Қазақстан бойынша 300 мыңнан астам бала алиментке мұқтаж. Олардың арасында мүгедектігі бар балалар және бірнеше мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар да бар.

Қазақстан Республикасының Неке және отбасы туралы кодексінің 147-бабына сәйкес, ерлі-зайыптылар бір-бірін материалдық жағынан қолдауға міндетті. Келісім болмаған жағдайда алиментті сот арқылы талап етуге болады.