Қазақстанда домбыра мен қобызды ұшақ салонына қол жүгі ретінде алып кіруге рұқсат берілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЕРЕЖЕ ӨЗГЕРДІ
Көлік министрлігі әуе көлігінде музыкалық аспаптарды тасымалдау ережелеріне өзгеріс енгізді.
Ведомствоның хабарлауынша, жолаушылардың көптеген өтінішінен кейін алғаш рет нормативтік деңгейде ұлттық музыкалық аспаптарды (соның ішінде домбыра мен қобызды) арнайы қаппен ұшақ салонына қол жүгi ретінде алып кіруге рұқсат берілді. Бұл ретте олардың өлшемі 110×35×30 см-ден, ал салмағы 10 кг-нан аспауы тиіс.
“Егер жолаушы тек музыкалық аспапты, мысалы домбыраны алып жүрсе, ол қол жүгi ретінде тегін тасымалданады. Ал егер аспап қосымша қол жүгi ретінде артық багаж санатына кірсе, онда оны тасымалдау авиакомпаниялардың қолданыстағы ережесіне сай ақылы болады”, – деп түсіндірді министрлік.
Шенеуніктер бұл өзгерістер жолаушылар құқықтарын қорғауды күшейтуге және музыкалық аспаптарды әуе көлігімен тасымалдау тәртібін жетілдіруге бағытталғанын атап өтті. Түзетулерді қабылдау мерзімі — 2026 жылдың мамырының соңына дейін.
ӘНШІНІҢ ШАҒЫМЫ
Еске салайық, бұған дейін FlyArystan әуе компаниясы әнші Мақпал Жүнісованы домбырасымен бірге ұшаққа кіргізбей қойған болатын. Өнер иесі домбыраға арналған қосымша орынның бағасы 59 мың теңге болғанын айтып, шағымданған.