Маңғыстауда науқасты өлтіріп қойған емшінің жазасы жеңілдеді

Ulysmedia
Фото: ЖИ

Маңғыстау облысында халық емін жасаған кезде қайтыс болған науқасқа қатысты сот үкімі қайта қаралды. Емді емханада жұмыс істейтін медбике жүргізген. Апелляциялық алқа бұған дейінгі үкімді тым қатаң деп танып, жазаны бас бостандығын шектеуге дейін жеңілдетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МЕДБИКЕ ҚАЛАЙ ЕМШІ БОЛҒАН?

Lada.kz-тің жазуынша, Мұнайлы аудандық соты 2026 жылғы 19 наурызда Б. есімді тұрғынды абайсызда адам өліміне себепкер болу бабы бойынша (ҚР ҚК 104-бабының 1-бөлігі) кінәлі деп таныды. 49 жастағы әйел Ақтау қаласындағы №1 қалалық емханада медбике болып жұмыс істей отырып, тиісті білімі мен лицензиясы жоқ болса да, үйінде «халық емшілігі» қызметін көрсеткен.

Сот мәліметінше, 2025 жылғы 26 қарашада шамамен сағат 20:30-да Мұнайлы ауданының Маңғыстау ауылындағы өз үйінде ол келушіні «емдеу» барысында оның тамағын қолымен қысып қалған. Соның салдарынан ер адам оқиға орнында көз жұмған.

Бірінші сатыдағы сот Б.-ға 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жаза ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтелуі тиіс еді. Алайда сотталғанның кәмелетке толмаған баласы бар екенін ескеріп, ҚР ҚК-нің 74-бабы негізінде жаза өтеу кейінге қалдырылған.

ЕМШІЛІКПЕН АЙНАЛЫСУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ

Тағайындалған жазаға келіспеген қорғаушылар апелляциялық шағым түсірді. Олар сотталғанның кінәсін толық мойындағанын және жәбірленуші тараптың кешірім бергенін алға тартып, бас бостандығынан айыру жазасын жеңілірек жазаға ауыстыруды сұрады.

Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы істі қарап, жаза тағайындау кезінде жеңілдететін мән-жайлар толық ескерілмеген деген қорытындыға келді. Қылмыс ауырлығы аз санатқа жатқызылып, бап санкциясында балама жаза түрлері қарастырылғаны атап өтілді.

Нәтижесінде апелляциялық саты үкімді жаза бөлігінде өзгертті. Әйелге 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды және пробациялық бақылау белгіленді: оған уәкілетті органдарды хабардар етпей тұрғылықты жерін және жұмыс орнын ауыстыруға, ойын-сауық орындары мен алкоголь тұтынатын жерлерге баруға, сондай-ақ түнгі уақытта (22:00-ден 06:00-ге дейін) үйден шығуға тыйым салынды. Сонымен қатар, сот оған емшілікпен (балгерлікпен) айналысуға да тыйым салды.