Атыраулық блогер Заида Онуора мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Меруерт Түсіпбаева арасында жанжал туындады. Желідегі даудың шығуына блогердің артық салмағына қатысты қалдырған Түсіпбаеваның пікірі себеп болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖАНЖАЛ НЕДЕН БАСТАЛДЫ?
Атыраулық блогер Заида Онуора видеоүндеу жариялап, танымал актрисадан күтпеген «кеңес» алғанын айтты. Оның сөзінше, Меруерт Түсіпбаева блогердің видеосының астына «Арықта» деп қысқа пікір қалдырып, оны “SOS” эмодзиімен толықтырған. Заида бұл пікірді елеусіз қалдырмай, жауап қайтарған.
Одан кейін блогердің айтуынша, әнші «Семіздік – жалқаулық, ауру емес» деген мазмұнда жазба жариялаған.
– Менің жауабым оған ұнамаған сияқты. Бүгін Алматы қаласының полициясынан маған арыз жазғаны туралы хабар түсті, – деді блогер әлеуметтік желідегі видеосында.
ДӘРІГЕРДІҢ ҚАТЕЛІГІ
Өз үндеуінде Заида артық салмағы өмір салтының емес, дәрігерлік қателіктің салдары екенін айтты. Оның айтуынша, 9 жасында оған ювенильді ревматоидты артрит (ЮРА) диагнозы қате қойылған. Жеті жыл бойы гормоналды дәрілер, соның ішінде преднизолон қабылдаған.
– Соның салдарынан артық салмақ пайда болды. Мен онымен өмір бойы күресіп келемін. Бұл диванда жатып, тамақ жегеннен емес. Бейтаныс адамға «арықта» деп жазу – дұрыс емес. Тіпті солай болса да, бұл сіздің шаруаңыз емес, – деді ол.
АКТРИСА ЖОҚҚА ШЫҒАРДЫ
Өз кезегінде Меруерт Түсіпбаева жағдайға Threads парақшасында пікір білдірді. Ол полицияға арыз жазғанын жоққа шығарып, блогерді назар аудартуға тырысты деп айыптады.
– Қандай полиция? Қандай сот? Біреу тапсырма берген сияқты. Қағазын көрсетсін! – деп жазды актриса.
Сондай-ақ, оның айтуынша, енді бұл мәселемен адвокаттары айналысады, өйткені блогер «айтқан сөзі үшін жауап беруі тиіс».