Көші-қон қызметі комитеті Теңіз кен орны аумағында тексеріс жүргізіп, 27 шетелдік азаматты Қазақстаннан шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ӘКІМШІЛІК ХАТТАМАЛАР ТОЛТЫРЫЛДЫ
Көші-қон қызметі комитеті Атырау облысы Жылыой ауданындағы Теңіз вахталық кентінде шетелдік азаматтардың ел аумағында болу заңдылығын тексерген.
Тексеру нәтижесінде 27 адам ел аумағынан шығарылды. Оларға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 517-бабы 5-бөлігі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, материалдар Жылыой аудандық сотына жолданған.
Іс-шара барысында шетелдік азаматтар мен оларды қабылдаушы тарапқа көші-қон заңнамасының талаптары түсіндірілді. Атап айтқанда, елде болудың рұқсат етілген мерзімдері және оны бұзғаны үшін жауапкершілік туралы ақпарат берілген.
КОНТЕКСТ
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда жыл басынан бері қос азаматтығы бар ондаған адам анықталғанын хабарлаған едік.
Қазақстанда қос азаматтыққа тыйым салынған. Егер азамат басқа елдің төлқұжатын алса, ол автоматты түрде Қазақстан азаматтығынан айырылады. Екінші азаматтықты жасырғаны үшін айыппұл немесе елден шығару жазасы қарастырылған.