Кәрім Мәсімовтің самурай қылышы аукционда 3 есе қымбат сатылды

Ulysmedia
Коллаж Ulysmedia

Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Кәрім Мәсімовке тиесілі тәркіленген қылыш бір жылға жуық сатылмай келген еді. Ақыры ол электронды аукционда сатылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚЫЛЫШ 1,5 МИЛЛИОНҒА САТЫЛДЫ

Бірнеше рет өтпей қалған аукциондар мен күші жойылған мәмілелерден кейін, бұрын сотталған Кәрім Мәсімовке тиесілі болған «қынаптағы самурай қылышы» ақыры жаңа иесін тапты.

  • Соңғы баға: 1 586 954 теңге;
  • Бастапқы баға: 379 904 теңге;
  • Бағалау құны: 542 719 теңге;

Сауда бағаны көтеру тәсілімен өтті. Нәтижесінде лот өз бағалау құнынан шамамен үш есе қымбатқа сатылды.

Қайтарылған активтерді басқару компаниясының ережесіне сәйкес, лот толық төленгеннен кейін ғана меншік құқығы сатып алушыға өтеді.

АРНАЙЫ ЖАСАЛҒАН

Мәсімовтің зәулім үйінен алынған бұл артефактіні сату оңай болмаған. Қылыш 2025 жылдың тамызынан бері бірнеше рет аукционға шығарылған: 2025 жылдың қарашасында лот 542 мың теңгеге сатылған, алайда жеңімпаз төлем жасамағандықтан мәміле күшін жойды. 2026 жылдың қаңтарында қатысушылар болмағандықтан, аукцион өтпеді деп танылды. 2026 жылдың ақпанында қылыш 3,4 млн теңгеге сатылды деген ақпарат тарады. Бірақ 2026 жылғы 29 сәуірде лоттың қайтадан аукционға шығарылуына қарағанда, бұл мәміле де аяқталмаған.

Аукцион құжаттарына сәйкес, бұл жай ғана сувенир емес, мұқият жасалған бұйым екені байқалады. Жүзі – бүкіл ұзындығы бойымен таяз жүлгесі (долы) бар болаттан жасалған. Сабы – сұр түсті металдан, бедерлі геометриялық өрнекпен безендірілген. Қынабы –  қара түсті материалдан жасалған.

КОНТЕКСТ

Бұл мүлік ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке қатысты іс аясында тәркіленген. Ол мемлекетке опасыздық жасау және билікті күшпен басып алуға әрекеттену баптары бойынша 18 жылға сотталған.

Астанадағы аумағы шамамен 3000 шаршы метр болатын оның зәулім үйі мемлекет меншігіне өтіп, қазір Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығына бекітілген.

Бұған дейін бұл үйден алынған басқа да қымбат бұйымдар, коллекциялық тиындар мен антиквариат заттары аукционда сатылып, жалпы сомасы 10 млн теңгеден асқан.