Қайтарылуы қиын триллиондар: Қазақстан кімге, қанша қарыз?

Ulysmedia
Фото: ЖИ

1 сәуірдегі ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанның мемлекеттік қарызы 39 трлн теңгеден асты. Бұл шамамен 81 млрд долларды құрайды. Бір қарағанда, өте үлкен сома болып көрінеді. Бірақ мәселе тек қарыздың көлемінде емес. Ulysmedia.kz  қарыздың құрылымы, қайдан алынғаны және қалай жұмсалып жатқанына шолу жасап көрді. 

ІШКІ ҚАРЫЗ КӨБЕЙГЕН

Қаржы министрлігінің дерегінше, жалпы қарыздың басым бөлігі – тікелей мемлекеттік қарыз. Ол шамамен 36,8 трлн теңгені құрайды, яғни барлық қарыздың 90 пайыздан астамы. Қалған бөлігі –  мемлекет кепілдік берген қарыздар мен кепілдіктер бойынша міндеттемелер. Бұл дегеніміз, негізгі жауапкершілік тікелей үкіметтің мойнында.

Мемлекеттік қарыздың ішінде ішкі қарыздың үлесі жоғары. Яғни Қазақстан соңғы жылдары сырттан емес, көбіне өз ішіндегі қаржы көздерінен қарыз алуға көшкен. Ішкі қарыз көлемі 27 трлн теңгеден асады, ал сыртқы қарыз шамамен 8 трлн теңге. Бұл –  оң үрдіс. Себебі сыртқы қарыз валютамен алынады және теңге құнсызданса, оны қайтару қиындай түседі. Ал ішкі қарыз теңгемен болғандықтан, валюталық тәуекел азаяды.

АРТЫҚШЫЛЫҒЫ МЕН КЕМШІЛІГІ

Дегенмен, ішкі қарыздың да өз қиындығы бар. Үкімет ішкі нарықтан көп қарыз алса, банктер мен зейнетақы қорлары сияқты қаржы институттарының қаражаты мемлекеттік бағалы қағаздарға «қатып» қалады. Бұл өз кезегінде бизнесті несиелеуге бөлінетін қаржының азаюына әсер етуі мүмкін.

Ішкі қарыздың құрылымына қарасақ, оның негізгі бөлігін ұзақ мерзімді қазынашылық міндеттемелер құрайды. Сондай-ақ инфляция мен пайыздық мөлшерлемеге байланысты индекстелген құралдар бар. Бұл мемлекет үшін белгілі бір деңгейде қауіпсіз, бірақ ұзақ мерзімде бюджетке түсетін жүктемені арттырады.

ҚАРЫЗДЫ ҚАЙДАН АЛҒАН?

Ал сыртқы қарызға келсек, Қазақстан негізінен халықаралық қаржы институттарынан және шетелдік нарықтардан қаражат тартады. Оның ішінде Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі сияқты ұйымдар бар. Сонымен қатар, еурооблигациялар да маңызды үлеске ие – шамамен 4,7 трлн теңге. Бұл Қазақстанның халықаралық қаржы нарықтарына тәуелді екенін көрсетеді. Егер әлемдік нарықта пайыздық мөлшерлемелер өссе немесе инвесторлар сенімі төмендесе, жаңа қарыз алу қиындайды.

ӨҢІРЛЕР ҚАРЖЫНЫ ӨЗ БЕТІНШЕ ТАРТУДА

Тағы бір маңызды бөлік – жергілікті атқарушы органдардың қарызы. Ол шамамен 2,5 трлн теңгені құрайды. Бұл өңірлердің өз бетінше қаржы тартуға көшкенін білдіреді. Бірақ аймақтардың экономикалық мүмкіндігі әртүрлі болғандықтан, кейбір өңірлер үшін бұл қосымша тәуекел болуы мүмкін.

Жалпы алғанда, Қазақстанның қазіргі қарыз деңгейі дабыл қағатын жағдайда емес. Бірақ негізгі мәселе – қарыздың қалай пайдаланылып жатқанында. Егер алынған қаражат экономиканы дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірісті кеңейтуге жұмсалса,  бұл өзін ақтауы мүмкін. Ал егер қарыз тек шығындарды жабуға кетсе, онда ол уақыт өте келе ауыр жүкке айналады.